СҚО экспорттық өнімдер қатарын кеңейтуде

Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамыту бағытында нық қадам жасауда. Өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, қосылған құн қалыптастыру қажеттігін бұған дейін Мемлекет басшысы атап өткен болатын. Бүгінде бұл бағыт СҚО-да белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
Петропавлда өткен кеңейтілген отырыста облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың айтуынша, өңірде қайта өңдеу саласында бірқатар ірі жобалар іске қосылып, жүзеге асырылуда.
Мәселен, «Salar Farm» ЖШС жылына 60 мың тонна түйіршіктелген жоңышқа өндіру жобасын іске асыруда.
«Евразия Милк» ЖШС-нің цех құрылысы аяқталды, мұнда жылына 12 мың тоннаға дейін қоюландырылған сүт өндірілмек.
Сондай-ақ құрғақ қымыз ұнтағын өндіруге маманданған «Север Агро LTD» ЖШС инновациялық кәсіпорны пайдалануға берілді. Кәсіпорын 400 бас жылқы ұстауға есептелген.
Қант қызылшасын өсіру бағыты да қарқынды дамып келеді. Тәжірибелік егістер сәтті өткеннен кейін «Аслфарм» ЖШС жылына 1 миллион тоннаға дейін шикізат өңдеп, 200 мың тоннаға дейін қант өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, «Маслодел Петропавловск» ЖШС лецитин өндіру үшін өсімдік майын терең өңдейтін цех ашу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Аталған жобалар өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне де оң әсерін тигізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша СҚО-дағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 942,4 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,9%-ға артты. Оның 87%-ы немесе 820,1 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Сала өсіміне ең үлкен үлесті азық-түлік өндірісі мен машина жасау бағыттары қосып отыр.
