Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті

Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы Оқушылар сарайы ғимаратында өтті. Ауқымды жиын облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен ұйымдастырылды. Алқа отырысында 2025 жылғы білім беру жүйесінің даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған міндеттер талқыланды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Кездесу СҚО оқу орындарының жетістіктері көрмесінен басталды. Көрмеге М. Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері – Егор Красильников, Данил Дерягин және Алина Судьина қатысты. Өткен жылы олар WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионатынан бір алтын және екі қола медаль жеңіп алған.
Студенттер өз жобаларын өңір басшысына таныстырды. Егор «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз атанды. Ол журналдар, стикерлер, постерлер мен плакаттар әзірлейді және жұмыстарын көрмеде ұсынды. Данил желілік және жүйелік әкімшілендіру саласындағы шеберлігін көрсетті. Ал болашақ педагог Алина мектепке дейінгі білім беру бағытындағы жобалары туралы баяндады.
Кеңейтілген алқа отырысына Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдері, басқармалар мен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары мен өкілдері, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова баяндады.
Алдымен мектепке дейінгі білім беру мәселесі қаралды. Қаржыландырудың ваучерлік жүйесінің, яғни «ақша балаға ілеседі» қағидатының тиімділігі атап өтілді. Бір жыл ішінде Петропавлда шамамен 7 мың ваучер беріліп, 630 миллион теңге үнемделген. 2025 жылы балабақшаларда 355 орын пайдалануға берілді. Сонымен қатар жаңа нысандар ашу мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда Петропавлда Уәлиханов – Чкалов көшелерінің қиылысында балабақша құрылысы жүргізілуде. Мұндай қажеттілік облыс аудандарында да бар.
Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында, М. Жұмабаев ауданының Булаево қаласында және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында балабақша салу қажеттілігі туындап отыр. Бұл шара 2029 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік береді.
Петропавлда мектептердегі орын тапшылығы 4 мыңнан асады. Осыған байланысты «Копай» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда. Сондай-ақ Аққайың ауданының Смирново ауылында және Новоишимское ауылында білім беру нысандарын салу қажет.

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселесіне де назар аударылды. Қазіргі таңда облыста 24 колледж жұмыс істейді. Болашақ мамандарды даярлауға жергілікті кәсіпорындар да қолдау көрсетуде. Олардың демеушілік көмегі 10 миллион теңгеден асты. 2025 жылғы түлектердің 97,5 пайызы жұмысқа орналасқан.
Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 6 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілуде. Бүгінде 26 арнайы ұйым жұмыс істейді, онда педагог-психологтар көмек көрсетеді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру 117 мектепке дейінгі ұйымда, 400 мектепте және 16 колледжде енгізілген. Өткен жылы Петропавлда 30 орындық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы ашылды. Ашылғаннан бері 22 балаға көмек көрсетілген.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов оқу орындарындағы «Заң және тәртіп» мәселесіне тоқталды. Ол білім беру мен құқықтық тәрбиенің өзара байланысын атап өтті. Оның айтуынша, мұғалім – қоғамдағы аса маңызды рөлдердің бірі, мектеп қабырғасында біліммен қатар құқықтық мәдениет, азаматтық ұстаным және әлеуметтік жауапкершілік қалыптасады.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар, алаяқтық фактілерінің көбеюі және балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар туралы мәлімет берді.
Ауыл тұрғындары атынан
Аққайың ауданы Смирнов мектеп-гимназиясының директоры Айнагүл Малмасова сөз сөйледі. Өткен жылы білім ордасы «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасына қатысқан. Соның нәтижесінде материалдық-техникалық база жаңартылып, оқу процесіне жаңа теориялық-практикалық тәсілдер енгізілген. Мектепке заманауи жабдықтар орнатылып, мамандандырылған кабинеттер, пәндік зертханалар және робототехника кабинеті ашылған.
2025 жылдың сәуір айынан бастап мектеп «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасына қатысуда. Ұжым мен оқушылар цифрлық технологияларды белсенді меңгеріп, оқу процесінде жасанды интеллект элементтерін қолдануда.
Кеңейтілген алқа отырысында өзге де спикерлер жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Еңбек адамын даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Өңір басшысы дене шынықтыру мұғалімдері, заңгерлер мен дизайнерлердің артықтығын, ал мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің, педагог-ассистенттердің, технолог-кондитерлердің, бағдарламалық басқарылатын станок операторлары мен монтажшылардың тапшылығын атап өтті.
Облыс әкімі әр аудан бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Білім бөлімдерінің басшыларына оқыту сапасын жеке бақылауға алу жүктелді. Сондай-ақ еңбек нарығын жан-жақты зерделеп, өндірістік практика аясында жаңадан ашылатын нысандарды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Жиынды қорытындылай келе, Ғауез Нұрмұхамбетов алдағы республикалық референдум туралы еске салып, педагогикалық қауымдастықты белсенді азаматтық ұстаным танытып, жалпыхалықтық дауыс беруге белсене қатысуға шақырды.
