Айыртау ауданында Қазақстанның үздік экскурсия жүргізушілері анықталды

Ботай музей-қорығы ұйымдастырған «Үздік экскурсия жүргізуші» республикалық байқауы Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында мәресіне жетті. Солтүстік Қазақстанға елдің әр өңірінен ең мықты экскурсия жүргізушілер жиналды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқысы қашықтан өткізілді. Мәдениет және туризм саласының қызметкерлері өтінімдері мен байқау материалдарын жолдады. Екінші кезең Солтүстік Қазақстан облысында офлайн форматта ұйымдастырылып, оған Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе облыстары мен Теміртау қаласынан келгендер қатысты.

Сайысқа музейлер мен музей-қорықтардың экскурсия жүргізушілері, туристік ұйымдардың гидтері, тәуелсіз сертификатталған экскурсия жүргізушілер, сондай-ақ мәдениет және туризм мекемелерінің қызметкерлері қатыса алды.
Қатысушылар кәсіби шеберліктерін таныстырып, экскурсия жүргізу сапасы, мазмұндылығы және аудиториямен жұмыс істеу деңгейі бойынша сынға түсті.
Байқау қорытындысын білікті қазылар алқасы шығарды. Номинациялар қатарында: Гран-при «Үздік музей экскурсия жүргізушісі», I, II, III орындар, «Үздік туристік маршрут экскурсия жүргізушісі», «Экскурсия ісін дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымдары болды.

Байқау нәтижесі бойынша Гран-при Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі экскурсия жүргізушісі (мемлекеттік тілде) Арайлым Күлжабаеваға бұйырды.
I орынды Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі өкілі Регина Хасанова иеленді.
II орын Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музей қызметкері Әсемгүл Амангелдіге табысталды.
III орын Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі экскурсия жүргізушісі Юрий Гамовқа берілді.

«Үздік туристік маршрут экскурсия жүргізуші» номинациясын Мұхтар Әуезов музейі өкілі Қуат Қиықбай жеңіп алды. Ал «Экскурсия ісін дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы Әзірет-Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қызметкері Ахатбек Баубековке берілді.
