Kozybayev University студенттері СҚО атынан «Qazaqstan kup» телевизиялық лигасына қатысады

Петропавл жастары үлкен сахналарды бағындыруды жалғастыруда. Kozybayev University құрамасы – «Манаш құрамасы» Қазақстан КТК Одағының 22-маусымын ашқан «Маусымашар-2026» республикалық фестивалінде сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Астанада еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық команда бас қосты. Қатаң бәсекеге және Чемпиондар лигасындағы алғашқы тәжірибелеріне қарамастан, «Манаш құрамасы» фестивальдің фавориттерінің біріне айналды.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Kozybayev University-дің 8 студентінен құралған команда көрермендер мен қазылар алқасының есінде тек әртістік шеберлігімен ғана емес, көтерген тақырыптарының өзектілігімен де қалды.
Студенттер заманауи кино трендтерін ұтымды әзілге айналдырып, өнерлеріне Петропавл қаласы өмірінен алынған таныс жағдайларды сахнада шебер бейнеледі.
Нәтиже күткеннен де асып түсті – дебютанттар беделді «Qazaqstan kup» телевизиялық лигасына жолдама алды. Бұл – сәуір айынан бастап студенттердің әзілдері ұлттық телеэфирден көрсетіледі деген сөз.
Қазір команда көктемгі ойындарға қызу дайындықты бастап, Солтүстік Қазақстанды республикалық деңгейде лайықты таныстыруды мақсат етіп отыр.
