SMB GROUP FAMILY ұжымына конституциялық реформа жобасы таныстырылды

Петропавл қаласында өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек ұжымдары арасында конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған ақпараттық кездесулер жалғасуда. Осындай алаңдардың бірі — SMB GROUP FAMILY ЖШС болды. Мұнда компания қызметкерлері депутаттар Галина Семенова мен Қанат Айтбаевпен кездесті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Ашық диалог форматында өткен жиын зауыт жұмысшыларына жаңа Конституция жобасында қарастырылған іргелі өзгерістер туралы және олардың қарапайым азаматтардың әл-ауқатына қалай әсер ететіні жөнінде тікелей ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында депутаттар еңбек құқықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді заң жүзінде бекіту және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу өкілеттіктерін кеңейту мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Спикерлер жаңартылған Ата заң әділетті Қазақстанды қалыптастыруға берік негіз болатынын, онда еңбек адамының мүддесі мемлекеттік саясаттың өзегіне айналатынын атап өтті.
Жиынға қатысқан кәсіпорынның 20-дан астам маманы мен жұмысшысы жаңа құқықтық нормаларды іске асыру тетіктері мен алдағы референдумды өткізу тәртібіне қатысты сұрақтарын қойды.
Галина Семенова мен Қанат Айтбаев әрбір қызметкердің белсенді азаматтық ұстанымының маңыздылығын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, өнеркәсіп саласының дауысы елдің орнықты дамуы үшін шешуші мәнге ие. Осыған байланысты олар ұжымды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге жаппай қатысуға шақырды.
Халық қалаулыларының пікірінше, референдумдағы саналы таңдау арқылы азаматтар республиканың саяси және экономикалық өміріндегі сапалы өзгерістерге дайын екенін білдіреді. Кәсіпорын қызметкерлері мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп, заң шығарушылардан күрделі сұрақтарға тікелей әрі жан-жақты жауап алуға мүмкіндік туғанын жеткізді.
