СҚО жол ұйымдары конституциялық реформаны қолдауға бірікті

“ҚазАвтоЖол” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері жаңа Конституция жобасын талқылап, қолдау білдірді. Кездесуде 2026 жылғы 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдум туралы да сөз қозғалды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жиынға «ҚазАвтоЖол» филиалының қызметкерлерімен қатар, ведомстволық ұйым “ҚАЖсервис” мамандары да қатысты. Бұл компаниялар республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстау және дамыту жұмыстарын жүзеге асырады.
Кездесуге Солтүстік Қазақстан облысына акционерлік қоғамның орталық аппарат басшылығы арнайы келді.
«Облысымызға “ҚазАвтоЖол” орталық аппаратынан үлкен делегация келді. Аппарат басшысы, корпоративтік хатшы және бас мердігер ұйымның директоры келді. Қазіргі уақытта облыстық филиал қызметкерлері арасында белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Жұмағұлов.
Жиында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі қағидаттарына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Ата заңда адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі нақты айқындалғаны атап өтілді. Жаңа Конституция жобасында бизнесті қолдау шаралары да жан-жақты қарастырылған.
Компания ұжымы алдағы республикалық референдумда белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырылды.
Еске сала кетейік, биыл 15 наурыз күні сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін әр азамат өз сайлау учаскесінде дауыс бере алады.
