Петропавлдағы «Сұлтан» фабрикасының ұжымы жаңа Конституцияның экономикалық тұрақтылыққа әсерін талқылады

Жалпыұлттық коалиция өкілдері Петропавлдағы ірі өндірістік алаңдарда кездесулерін жалғастыруда. Кезекті диалог «Сұлтан кондитерлік бұйымдары» АҚ цехтарында өтті. Онда коалиция мүшелері Ерғали Жұмағұлов, Владимир Козлов және Елена Семидоцких еңбек ұжымымен конституциялық өзгерістердің экономиканың нақты секторына ықпалы туралы пікір алмасты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Өндіріс қызметкерлері алдында сөз сөйлеген Владимир Козлов экономикалық тұрақтылық мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі – ұзақ мерзімді әрі түсінікті ережелерді қажет ететін күрделі жүйе.
«Өндіріс үшін нақты бағыт-бағдар маңызды. Конституциялық қағидаттар бизнесті қолдауды, инвестицияларды қорғауды және ең бастысы – жұмыс беруші мен қызметкер мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуі тиіс», – деді спикер.
Ерғали Жұмағұлов реформаның әлеуметтік қырына назар аударды.
«Әрбір жұмыс орны – отбасының тұрақтылығы әрі өңір экономикасына қосылған үлес. Негізгі заң деңгейінде еңбек кепілдіктерін бекіту мемлекеттің жұмыспен қамтуды қорғаудағы жауапкершілігін арттырады», – деп атап өтті ол.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Фабрика қызметкерлерін негізінен практикалық мәселелер қызықтырды.
