СҚО полицейлері «дропперге» айналып кетпеудің жолдарын түсіндірді

Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері өңір тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері мен адамдардың байқамай қылмыстық әрекеттерге қатысушы — «дроппер» болып кету қаупі туралы ескертіп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Профилактикалық науқан аясындағы кезекті кездесу Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен өтті. Құқық қорғау органдарының өкілдері қазіргі кезде интернет-алаяқтар жиі қолданатын ең кең таралған алдау тәсілдері туралы айтып берді.
Полицейлердің айтуынша, алаяқтар көбіне түрлі мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Сондықтан азаматтар бір жайтты есте сақтауы қажет: мемлекеттік құрылымдардың шынайы қызметкерлері қызметтік мәселелерді телефон арқылы шешпейді және құпия деректерді сұратпайды. Кездесу барысында күтпеген ақша аударымдарына да ерекше назар аударылды.
Мамандардың сөзінше, қылмыскерлер кейде адамға ірі көлемде ақша аударып, кейін байланысқа шығып, бұл аударым қателесіп жіберілгенін айтады. Содан кейін қаражатты басқа банктік шотқа қайтаруды сұрайды. Мұндай өтініштерді орындауға мүлде болмайды.
Полиция өкілдері мұндай жағдайда адам байқамай қылмыстық схеманың қатысушысына айналып кетуі мүмкін екенін түсіндірді. Егер белгісіз адамнан ақша аударымы түссе, банкке хабарласып, қаражаттың белгісіз жіберушіден келгенін айтып, оны белгіленген тәртіп бойынша қайтаруды сұрау қажет. Сонымен қатар мұндай жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына да хабарлау керек.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 110 дерегі тіркелген. Оның 31 жағдайында жеке кәсіпорындардың қызметкерлері зардап шеккен. Сонымен қатар жәбірленушілер арасында 21 зейнеткер, білім беру саласының 13 қызметкері және студенттер бар.
