Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері қызылшаның 19 дерегі тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында қызылша ауруының азаюы бойынша оң динамика байқалады. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанына қарамастан, дәрігерлер тұрғындарды қауіпсіздік шараларын ескерусіз қалдырмауға шақырады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Қызылша — ауа-тамшы жолымен таралатын, жұқпалылығы өте жоғары қауіпті вирустық ауру. Инфекция ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін: ми қабықтарының зақымдануы , өкпенің қабынуы, құлақтың қабынуы. Кейбір жағдайларда ауру өлімге де алып келуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Қазақстанда қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина (ҚҚП) қолданылады. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес 1 жас және 6 жастағы балаларға салынып келеді және өзін сенімді, тиімді әрі қауіпсіз вакцина ретінде дәлелдеген. Вакцинаның өндірісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған, бұл оның сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары стандарттарына сай екенін көрсетеді.
«Жыл басынан бері облыста зертханалық жолмен расталған қызылшаның 19 дерегі тіркелді (2025 жылы 41 жағдай тіркелген, бұл 53,6%-ға төмендегенін көрсетеді). Аумақтық бөлініс бойынша: 7 жағдай немесе 36,8% — Петропавл қаласында; 5 жағдай — Ақжар ауданында; 2 жағдайдан Мамлют және Уәлиханов аудандарында; 1 жағдайдан Қызылжар ауданында, Шал ақын ауданында және Ғ. Мүсірепов ауданында тіркелді. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі — 5 жасқа дейінгі балалар (52,6% немесе 10 жағдай)», — делінген департамент хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, ауру жұқтырғандардың 89,4%-ы толық вакцинация курсынан өтпеген. Қызылшаға қарсы арнайы ем жоқ. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы — уақытылы вакцина алу.
«Бұл дерек тағы да бір маңызды жайтты көрсетеді. Негізгі қауіп — екпенің болмауы. Аурудың ауыр салдарымен бетпе-бет келгеннен гөрі, алдын алып екпе салдыру әлдеқайда оңай әрі қауіпсіз», — деп еске салды дәрігерлер.
