Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда студенттер мен ғалымдарға арналған заманауи Қазақ тілі, мәдениеті және оқу орталығы ашылды

Петропавлда студенттер мен ғалымдарға арналған заманауи Қазақ тілі, мәдениеті және оқу орталығы ашылды

March 19, 2026 10:28

Петропавлдағы Kozybayev University-де Қазақ тілі, мәдениеті және оқу орталығы ашылды. Жаңа кеңістік оқу, ғылыми жұмыс жүргізу және ұлттық әдебиет әлеміне терең бойлау үшін жайлы әрі заманауи хаб ретінде жобаланған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықтың оқу залында мемлекеттік тілдегі бай әдеби қор жинақталған. Қорда ұлы ойшылдар Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне ерекше орын берілген. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан көрнекті тұлғалар :Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және Сафуан Шаймерденовтің шығармалары кеңінен ұсынылған.

«Бұл кеңістікті біз ең алдымен студенттер үшін, мемлекеттік тілді және қазақ әдебиетін насихаттау мақсатында ашып отырмыз. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы көбірек кітап оқу қажеттігін атап өткен еді. Енді бізде соған мүмкіндік арта түсті деп ойлаймын. Алдағы міндет — орталықты мүмкіндігінше көп кітаппен толықтыру, компьютерлік техникамен жабдықтап, студенттердің еркін пайдалануына жағдай жасау», — деді Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исақаев.

«Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Жазира Көкбас залдың безендірілуіндегі символиканың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, орталықтың жүрегінде ұлы Абайдың бейнесі орналасқан. Сондай-ақ ол Президенттің «Абай жолы» роман-эпопеясы әр қазақстандықтың үстел кітабына айналуы тиіс деген сөзін еске салды.

«Егер сіз өмірдің дұрыс жолын іздесеңіз, оны міндетті түрде «Абай жолы» мен қара сөздерден табасыз. Біз әр студент осы даналыққа жайлы ортада қол жеткізе алуы үшін жағдай жасап отырмыз», — деді Жазира Көкбас.

Бүгінде университеттің мемлекеттік тілдегі кітап қоры 141 мыңнан астам дананы құрайды. Жаңа орталық өңірдің болашақ мамандары үшін шабыт пен рухани дамудың негізгі ордасына айналады деп күтілуде.

Shares