Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда EcoMarket экологиялық акциясы өтті

Петропавлда EcoMarket экологиялық акциясы өтті

March 23, 2026 17:45

Петропавл қаласының орталық алаңында Наурызнама мерекелік онкүндігі аясында «EcoMarket» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, қала тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарау идеясымен біріктірді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Іс-шараның бастамашысы — Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты Қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастар бастамалары бөлімі.
Акцияның басты ерекшелігі — қарапайым әрі қолжетімді форматта өтті. Тұрғындарға қайта өңдеуге болатын қалдықтарды тәтті сыйлықтарға айырбастау ұсынылды. Қатысушылар пластик және темір бөтелкелерді, полиэтилен пакеттерін және өзге де қайта өңделетін қалдықтарды әкеліп, экологиялық жауапкершілігі үшін символикалық сыйлықтарға ие болды.

СҚО Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкованың айтуынша, бұл акция мерекелік шаралардың бір бөлігі болумен қатар, маңызды экологиялық бастамаға айналды.

«Бүгін Петропавлдың орталық алаңында Наурызнама аясында «EcoMarket» акциясын өткізіп жатырмыз. Мұнда тұрғындар пластик және темір бөтелкелерді, полиэтилен пакеттерін және басқа да қайта өңделетін қалдықтарды тәтті сыйлықтарға айырбастай алады. Бұл шара саналы тұтынудың және қоршаған ортаға қамқорлықтың жарқын үлгісіне айналып, қала тұрғындарын маңызды экологиялық бастама төңірегінде біріктіреді», — деп атап өтті ол.

Алаңда қалдықтарды қабылдауға арналған арнайы орын ұйымдастырылды. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін қалдықтарды бөлек жинауға арналған үш контейнер қойылды: пластик бөтелкелер мен қаптамаларға, темір ыдыстарға, сондай-ақ полиэтилен пакеттері мен басқа да қайта өңделетін материалдарға арналған.

Бұл тек қалдықтарды жинауға ғана емес, сонымен қатар қоқысты сұрыптау қағидаларын көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.
Оның айтуынша, жобаның мақсаты тек бір реттік қоқыс жинаумен шектелмейді.

«EcoMarket» акциясының мақсаты — тек қайта өңделетін қалдықтарды жинау ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қонақтар қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығы, қайта өңдеу мүмкіндіктері және қоршаған ортаға кері әсерді азайту жолдары туралы біледі», — деп қосты спикер.
Акция әртүрлі жастағы қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып, орталық алаңдағы ауқымды мерекелік шаралардың бір бөлігіне айналды. Іс-шара барысында шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, Наурызнама онкүндігінің соңғы күніне ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Shares