Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы жедел штабтардың дайындығын тексерді

Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы жедел штабтардың дайындығын тексерді

March 23, 2026 16:50

Петропавл қаласында қардың қарқынды еру кезеңінде су тасқыны мен су басудың алдын алу шаралары күшейтілуде. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қала әкімі Серік Мұхамедиевпен бірге су басу қаупі бар аумақтарды аралап, сондай-ақ Жұмысшы кентіндегі жекеменшік секторда орналасқан су тасқынына қарсы штабтардың бірінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Тексеру барысында облыс және қала басшылары жергілікті қызметтердің жұмысымен танысып, техникалардың, соның ішінде бензинмен жұмыс істейтін су сорғыларының бар-жоғын және жағдайын тексерді.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Әсіресе еріген қар суы жиналатын ойпаң жерлердегі жағдайға ерекше назар аударылды. Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда негізгі жүктеме нөсерлік кәріз жүйесіне түсіп отыр.

– Қазір негізінен суды нөсерлік кәріздер арқылы сорып жатырмыз. Бұл – ең төмен нүкте, мұнда су кетпейді. Су осы жерге жиналады да, біз сол жерден сорып шығарамыз, – деп түсіндірді ол.

Жұмысшв кентінде тәулік бойы жұмыс істейтін штаб барлық су тасқынына қарсы шараларды үйлестіруде.

Облыс әкімі қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеуге дайындығын нақтылады.

– Штаб құрылғанын көріп тұрмын, су толық кеткенше тәулік бойы жұмыс істейді. Жағдай тұрақталғанша солай жалғаса ма?

Қала әкімі барлық қызметтердің ұйымдастырылғанын және тәулік бойы жұмыс істейтінін растады. Аумақтарда арнайы техника жұмылдырылып, кезекші машиналар мен апаттық бригадалар қызмет атқаруда.

Сонымен қатар, нөсерлік кәріз жүйелерін тазалауда мұз қату мен топырақтың тоңдануына байланысты қиындықтар туындап отыр. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жүйелер тазаланғанымен, құбырлар әлі де қатып тұр. Осыған байланысты облыс әкімі жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Су тасқынына қарсы жұмыстарға қосымша күштер тартылған. Атап айтқанда, қалада 50 адамнан тұратын жасақ, сондай-ақ аумақтық қорғаныс бөлімшелері жұмыс істеуде.

– Бізге аумақтық қорғаныс та көмектесуде. Қазіргі таңда Жұмысшы кентінде 50 адам жұмыс істеп жатыр. Біздің өтінішіміз бойынша әрдайым келіп, көмек көрсетеді, – деді қала әкімі.

Аралау барысында өңір басшысы жекеменшік сектор тұрғындарымен де кездесіп, аулалар мен іргелес аумақтарды қардан тазалау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көрді. Тұрғындар көрсетілген қолдау мен назар үшін алғыстарын білдірді.

Қорытындылай келе, Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету қажеттігін атап өтіп, алдын алу шараларының маңыздылығын еске салды.

Биыл жауған қар көлемі өткен жылмен салыстырғанда аз болғанына қарамастан, коммуналдық қызметтерге түсетін жүктеме әлі де жоғары. Әкімдік мәліметінше, қыс мезгілінде қаладан шамамен 900 мың текше метр қар шығарылған, бұл өткен жылмен шамалас көрсеткіш. Осыған байланысты негізгі міндет – су бұру жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және тұрғын аймақтарды су басудың алдын алу.

Сонымен қатар, Бірлік шағынауданында жедел штаб құрылды. Береке шағынауданында бақылау күшейтілді.

Shares