АҚШ-та Instagram, Facebook және YouTube қауіпті деп танылды: қыз миллиондаған доллар өтемақы алды

АҚШ-та соңғы жылдары технологиялық компанияларға қатысты ең көп талқыланған істердің бірі бойынша шешім қабылданды. Лос-Анджелестегі сот төрелігі Instagram, Facebook және YouTube платформалары пайдаланушылардың психикалық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін және мақсатты түрде тәуелділік тудыратын функциялары бар екенін мойындады, деп хабарлайды QZ NEWS Tengri Life-қа сілтеме жасап.
Іс 20 жастағы қызға қатысты болды, ол сотта Кейли (KGM) есімімен танылды. Ол әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалануы психологиялық проблемаларын ушықтырғанын айтқан.
Fortune мәліметінше, тоғыз күндік талқылау және 40 сағатқа жуық кеңес бөлмесінде талқылаудан кейін төрешілер компаниялардың өнімдерін әзірлеу кезінде салғырттық танытқанын анықтаған. Сот қолданушыларды сағаттап қосымшада ұстауға арналған функциялардың шағымданушыға зиян келтірудің негізгі факторы болғанын анықтады.
Қызға бірнеше миллион доллар көлемінде өтемақы тағайындалды. Сонымен қатар, соңғы сома артуы мүмкін: төрешілер компаниялардың бұл әрекеттерін қасақана жасаған ба, жоқ па, жеке қарастырады. Егер бұл расталса, айыппұл (punitive damages) бірнеше есе өседі. Бұл осындай істер тізбегіндегі алғашқы шешім. АҚШ-та «тәуелділікті тудыратын дизайнға» қатысты 1600-ден астам шағым берілген. Бастапқыда жауапкерлер саны көбірек болған, бірақ TikTok пен Snap істі сотқа жеткізбей, соттан тыс келісімге келген. Екі компания да шешіммен келіспейтінін мәлімдеді.
«Біз шешіммен келіспейміз және құқықтық мүмкіндіктерімізді қарастырып жатырмыз», – деді Meta компаниясы.
Google-ге тиесілі YouTube те шешімге шағымданатынын хабарлады.
«Бұл іс YouTube-ты дұрыс түсінбейді. YouTube – әлеуметтік желі емес, жауапкершілікпен құрылған стриминг платформасы», – деп атап өтті компания.
SkyNews хабарлауынша, сот қарастырған басты мәселе: Big Tech өнімдерін шынымен «тәуелділік тудыратын» деп айтуға бола ма?
Шағымданушының адвокаты Марк Ланье былай деп түсіндірді:
«Баланы телефонды ешқашан қолынан тастамауға қалай көндіруге болады? Міне, бұл – тәуелділікті инженериялау».
Ол платформалардың функцияларын «трояндық аттарға» ұқсатты деп сипаттады:
«Олар тартымды көрінеді, бірақ бір рет кіргізсең – бақылауды қолға алады», – деді адвокат.
Компаниялар керісінше пікірде болды.
Meta басшысы Марк Цукерберг сотта: «Біздің істеп жатқанымыз адамдар өмірінде позитивті күш болу өте маңызды», – деді.
Instagram басшысы Адам Моссери тәуелділіктің ғылыми дәлелі жоқ екенін, «тәуелділік» емес, «проблемалы пайдалану» деп айту керектігін атап өтті.
YouTube өкілдері де қыздың уақыт өте келе платформаға қызығушылығын жоғалтқанын жеткізді:
«Тәуелді адам «мен қызығушылығымды жоғалттым» деп айта ала ма?» – деп сұрады компания.
Сотта Стэнфорд психиатры Анна Лембке сөйлеп, шексіз скроллинг пен ойындар мидың солай ынталандыратын механизмдерін қолданатынын түсіндірді, бұл наркотиктермен ұқсас:
лайктар мен қысқа бейнелер дофаминнің тез өсулерін береді және жаңа стимул үшін қайта оралу әдетін қалыптастырады;
уақыт өте мидың сезімталдығы төмендеп, префронтальды қыр (жоспарлауға жауапты бөлік) әлсірейді;
әлеуметтік желілерге тәуелді адамдардың МРТ-суреттері патологиялық ойыншылардағы өзгерістерге ұқсас.
Дегенмен психиатрияда «әлеуметтік желіге тәуелділік» ресми диагноз ретінде жоқ – бұл мәселе әлі талқыға түсе береді.
Meta мен Google шешіммен келіспейтінін айтып, апелляция беретінін мәлімдеді. Адвокаттар бұл прецеденттің жасалғанына сенімді.
«Іс сотқа жеткені өзінен-өзі жеңіс. Енді компаниялар жауапкершілікке тартылуы мүмкін және тартылады», – деді адвокат Мэттью Бергман.
Көптеген сарапшылар процесті 90-жылдардағы темекі компанияларына қарсы соттармен салыстырады. Сол кезде зиянды жоққа шығарып келген, бірақ сот олардың өнімдерінің қауіпті екенін мойындатқан.
Еске салайық, 2023 жылдың қаңтарында АҚШ-тағы Сиэтл қаласының мемлекеттік мектептері Meta, Google, TikTok және Snap компанияларына қарсы сотқа шағым түсірген. Шағымда олардың өнімдері балаларды арнайы тәуелді етуге бағытталғаны және психикасына зиян келтіретіні айтылған.
