Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда 70 млрд теңгеге ағаш өңдеу өндірісі салынады

Қазақстанда 70 млрд теңгеге ағаш өңдеу өндірісі салынады

April 7, 2026 11:00

Қазақстан Үкіметі Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу өндірісін салу жобасы бойынша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС арасында Инвестициялар туралы келісімге қол қоюды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды QZ NEWS primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Құны 70 млрд теңгені құрайтын жоба 2026-2028 жылдары жүзеге асырылады. Жобаны іске қосу кемінде 160 тұрақты жұмыс орнын ашуға, ел ішінде ағашты қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, дайын өнім шығаруды арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына шамамен 600 мың текше метр ағаш-жоңқа тақтасын (ДСП) және 20 млн шаршы метр ламинатталған ағаш-жоңқа тақтасын (ЛДСП) өндіруге жетеді.

Келісім қазақстандық өндірушілердің тауарларын, шикізатын, жұмыстарын және қызметтерін міндетті түрде пайдалануды қарастырады. Инвестор дайын өнімнің кемінде 50 пайызын ішкі нарыққа бағыттауға міндеттенеді. Кәсіпорын жобалық қуатының 80 пайызына шыққаннан кейін отандық дайын өнім экспорты жылына 60 мың текше метрге дейін жетеді.

Сондай-ақ өңірді әлеуметтік қолдау бойынша міндеттемелер де қарастырылған. Бұдан бөлек, инвестор қызметкерлерді үздіксіз оқыту жүйесін енгізіп, олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Жобаны іске асыру ағаш өңдеу саласының дамуына, жергілікті қамтудың артуына, жұмыспен қамтудың кеңеюіне және Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібінің экспорттық әлеуетінің нығаюына ықпал етеді.

Shares