Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да сәуір айының басынан бері 10 адамды кене шаққан

СҚО-да сәуір айының басынан бері 10 адамды кене шаққан

April 7, 2026 09:22

Күннің жылынуына байланысты Солтүстік Қазақстан облысында кенелердің белсенділігіне байланысты жыл сайынғы эпидемиологиялық маусым басталды. Мамандардың айтуынша, бұл кезең дәстүрлі түрде сәуірден қазан айына дейін жалғасады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Қүшбасовтың айтуынша, сәуір айының басынан бері өңірде кене шаққан 10 жағдай тіркелген, оның үшеуі – 14 жасқа дейінгі балалар.

Өткен жылы облыста 962 кене шағу дерегі тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда (653 жағдай) 32%-ға көп. Кенелер жұқпалы ауруларды таратушы ретінде үлкен қауіп төндіреді. Олардың қатарында кене энцефалиті, боррелиоз (Лайм ауруы), туляремия, геморрагиялық қызба және басқа да аурулар бар. Мамандар ең қауіптісі ретінде вирустық кене энцефалитін атап отыр.

Арман Қүшбасовтың сөзінше, бұл – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жедел инфекциялық ауру және ол ұзақ мерзімді денсаулық бұзылыстарына, мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

«Аурудың маусымдылығы кенелердің жаппай көбеюімен байланысты, сырқаттанушылықтың шарықтау шегі мамыр–маусым айларына сәйкес келеді», – деді ол.

Жұқтыру көбіне жұқтырған кененің адам денесіне жабысып, қан соруы кезінде болады. Адам шағу сәтін байқамай қалуы мүмкін, себебі кене ауырсынуды басатын зат бөледі.

«Кенелер көбіне адамның аяғына жабысып, кейін жоғары қарай өрмелеп, қолайлы жер іздейді. Олар бірден теріге қадалмай, біраз уақыт бойы қозғалып жүреді», – деп түсіндірді спикер.

Аурудың жасырын кезеңі әдетте 1–2 аптаға созылады, бірақ кейде бір тәуліктен бір айға дейін өзгеруі мүмкін.
Белгілері кенеттен пайда болады: дене қызуы 38–39 °C-қа дейін көтеріледі, қатты бас ауыруы, қалтырау, бұлшықет ауыруы, жүрек айну және құсу байқалады. Ауыр жағдайларда жүйке жүйесі зақымданып, менингоэнцефалит дамуы мүмкін.

2025 жылы өңірде ересектер арасында кене энцефалитінің 7 жағдайы тіркелді: оның бірі Мамлют ауданында, екеуі Қызылжар ауданында, төртеуі Петропавл қаласында анықталған. 2024 жылы 5 жағдай тіркелген.
Алдын алу шараларына ерекше назар аударылып отыр.

Облыста кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақ – Айыртау ауданы. Биыл 360 адамды вакцинациялау жоспарланған, қазіргі таңда 44 тұрғын екпе алған.

Shares