СҚО-ның төрт ауданындағы өзендерде су деңгейі алдағы екі тәулікте көтеріледі

«Қазгидромет» РМК филиалы дайындаған күнделікті гидрологиялық бюллетеньге сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы күрделі болғанымен, бақылауда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
6 сәуір күні сағат 20:00-дегі су нысандарының мониторингі өңір өзендеріндегі су деңгейінің әркелкі өзгеріп отырғанын көрсетеді. Көптеген су тораптарында су деңгейінің төмендеуі немесе аздаған ауытқулар тіркелген.
Атап айтқанда, Бабықбұрлық, Аққанбұрлық, Шарық және Мұқыр өзендерінде су деңгейі 5-тен 30 сантиметрге дейін төмендеген. Осындай үрдіс Есіл өзенінің жекелеген учаскелерінде, соның ішінде Шоптықөл және Дружба елді мекендері маңында да байқалады.
Сонымен қатар, Есіл өзенінің кейбір бөліктерінде су деңгейінің көтерілуі тіркелген. Атап айтқанда, Сергеевка маңында су деңгейі 60 сантиметрге, Покровка ауылында 53 сантиметрге, Новоникольское елді мекені тұсында 30 сантиметрге артқан. Ең жоғары өсім Петропавл қаласында байқалды — тәулігіне су деңгейі 150 сантиметрге көтеріліп, 475 сантиметрге жетті. Бұл көрсеткіш қауіпті деңгейден (940 см) төмен.
Су айдындарындағы мұз жағдайы біртіндеп бұзылуымен сипатталады. Көптеген өзендерде арна ашылған, алайда кей жерлерде мұз жүруі, сирек мұз жүруі және жағалауларда мұз жиналуы байқалады.
Кейбір учаскелерде мұз үстімен су ағуы және мұздың қарайып, жұқаруы тіркеліп, оның қарқынды бұзылып жатқанын көрсетеді.
Ерекше назар Сергеев су қоймасына аударылып отыр. Мұнда су деңгейі 919 сантиметрді құрап, тәулігіне 8 сантиметрге артқан. Су көлемі 839 млн текше метрге жетті. Бөгет жиегінен су асып төгілуде, толу деңгейі 121,1 %-ды құрайды. Бұл су мөлшерінің жоғары екенін және гидротехникалық нысанға түсетін жүктеменің артқанын көрсетеді. Петропавл су қоймасында су деңгейі 3 сантиметрге аздап төмендегенімен, мұз үстімен су ағымы сақталып отыр.
Жекелеген сутораптарында қолайсыз құбылыстар да тіркелуде. Мәселен, Крещенка ауылы маңында жағалауға мұздың үйілуі байқалса, Ленинградское ауылы тұсындағы учаскеде гидротораптан төмен орналасқан топырақ бөгетінің бұзылуына байланысты су деңгейі анықталмай отыр.
Синоптиктердің болжамынша, 6–8 сәуір аралығында Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында су деңгейі одан әрі көтеріледі. Бұл қардың қарқынды еруі мен еріген сулардың өзен арналарына түсуімен байланысты.
Мамандар тәулік бойы су тасқыны жағдайын бақылауды жалғастыруда. Жағалауға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына ресми ақпаратты қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беріледі.
