Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдық жеті жасар балаға өмірлік маңызды медициналық құрылғы алуға көмек көрсетілді

Петропавлдық жеті жасар балаға өмірлік маңызды медициналық құрылғы алуға көмек көрсетілді

April 14, 2026 17:54

Петропавлда жеті жастағы балаға медициналық құрылғы – гастростома алуға көмек көрсетілді. Бұл құрылғы баланың толыққанды тамақтануы үшін аса қажет, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Баланың денсаулығындағы мәселелер үш жыл бұрын, оған өңештің өткізгіштігінің бұзылуы диагнозы қойылған кезде басталған. Алғашында ол тұрғылықты жері бойынша мамандардың бақылауында болып, ем қабылдаған. Кейін тексеруден өту және әрі қарай емдеу әдісін анықтау үшін Астанаға жіберілген. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша хирургиялық араласудан бас тартылып, оның орнына арнайы манжета мен гастростома орнатылған.

Баланың анасы Татьяна Лукьяненконың айтуынша, гастростоманы пайдалану барысында айтарлықтай қиындықтар болмаған. Алайда уақыт өте келе оны заманауи, қолдануға ыңғайлы төмен профильді үлгіге ауыстыру қажеттілігі туындаған. Осы мәселе бойынша ол «AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінген. Өтінішті қарау барысында мұндай медициналық бұйымдардың қазіргі таңда мемлекет есебінен қаржыландырылатын тізімге кірмейтіні анықталды. Бұл жағдай ауыр дертке шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға елеулі қаржылық салмақ түсіреді.

«Біз бұл мәселені зерттеп, аталған құрылғылардың қаржыландырылмайтынын анықтадық. Осыған байланысты кәсіпкерлерді жедел түрде жұмылдырдық. Қажетті құрал сатып алынып, балаға орнатылды», – деді Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Елена Семидоцких.

Сонымен қатар Қазақстандағы медициналық бұйымдар жеткізушісі – «Gelika» ЖШС-мен жұмыс жолға қойылды. Компаниямен гастростомаларды жеткізу, оларды қолдану ерекшеліктері және пациенттерді осындай құрылғылармен қамтамасыз ету саласындағы жүйелік мәселелер талқыланды.

Компания директоры Вадим Паскевичтің айтуынша, орнатылған гастростома – үй жағдайында қолдануға ыңғайлы төмен профильді құрылғы. Оны ауруханаға жатқызбай-ақ өз бетінше ауыстыруға болады. Қызмет ету мерзімі шамамен алты айды құрайды. Құрылғы қолайсыздық тудырмайды және пациенттің толыққанды тамақтануына мүмкіндік береді. Мұндай көмек әсіресе ауыр неврологиялық аурулары, церебралды сал ауруы немесе онкологиялық дерттері бар балалар үшін аса маңызды. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай бұйымдар әзірге мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды, сондықтан ата-аналар оларды өз қаражатына сатып алуға немесе көмек сұрауға мәжбүр.

Shares