«Жезқазған–Петропавл» республикалық тас жолында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша акция өткізілді

«Жезқазған–Петропавл» республикалық маңызы бар автожолы бойында ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды. Өңір полициясы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күшейтілген шараларға көшті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жолдың жекелеген учаскелерінде жағдайды тиімді бақылау үшін жол жасанды түрде тарылтылды. Мұндай әдіс полицейлерге құқықбұзушылықтарды жедел анықтап, күдік тудырған көліктерді тексеруге мүмкіндік береді.
«Біз мұндай акцияны екінші рет өткізіп отырмыз. Барлық азаматтарды, барлық жүргізушілерді ескерткіміз келеді: жолға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жағдайына әрдайым мән беріңіздер. Өйткені жол қателікті кешірмейді», — деді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев.
Полицейдің айтуынша, өңірде жүргізушілердің басым бөлігі заң талаптарын сақтайды. Алайда құқықбұзушылықтарға көбіне құжаттары немесе көлігінің техникалық жағдайында ақауы бар жас жүргізушілер жол береді.
Акция барысында бірнеше құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, көлік әйнектерін заңсыз қараңғылау, мал мен ет өнімдерін тасымалдауға қажетті құжаттардың болмауы, сондай-ақ сақтандыру мерзімінің өтіп кетуі тіркелді. Мұндай заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға профилактикалық акция ықпал етті.
Мұндай шаралардың қажеттілігін статистика да дәлелдейді: соңғы үш айда Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 15 адам қаза тапқан, 130 адам түрлі жарақат алған. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар жүргізушілердің салғырттығы мен көліктің техникалық дайындығының жеткіліксіздігінен орын алған.
