Петропавл соты сатып алушының құқығын қорғап, құрылыс компанияларын қоймаға меншік құқығын тіркеуге міндеттеді

Петропавл қаласының №2 сотында сатып алу-сату шартын жасасуға мәжбүрлеу туралы азаматтық іс қаралды. Даудың мәні көпқабатты тұрғын үйдегі қойма бөлмесіне меншік құқығын мемлекеттік тіркеуге қатысты болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс барысында екі серіктестік арасында құрылыс жобасын бірлесіп іске асыру туралы келісім жасалғаны анықталды. Кейін талапкер аталған компаниялардан құны 1,8 млн теңге болатын қойма бөлмесін сатып алып, төлем бойынша өз міндеттемелерін толық орындаған.
«Алайда сатып алу-сату шартының түпкілікті нұсқасы жасалмаған, нысанның дайын екені туралы хабарлама жіберілмеген, меншік құқығы мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Меншік құқығын рәсімдеу бойынша міндеттемелер орындалмағандықтан, талапкер сотқа жүгінді», – делінген хабарламада.
Сот шешімімен жауапкерлер талапкермен түпкілікті сатып алу-сату шартын жасасуға және ауданы 17,4 шаршы метр болатын мүлікке меншік құқығын оның атына мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етуге міндеттелді. Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
