Қазақстанның солтүстігінде жаңбыр, найзағай және ауа райының салқындау күтіледі

Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында алдағы апта құбылмалы ауа райымен ерекшеленеді. Күн салқындап, жаңбыр жауып, найзағай болады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Аптаның басында күн жылы болады.Дүйсенбі, 20 сәуір күні жауын-шашын күтілмейді, облыстың кей жерлерінде тұман болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде +3…+8 градус, күндіз +15…+20 градусқа дейін көтеріледі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, орташа, екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Сейсенбі, 21 сәуірде ауа райы өзгере бастайды. Күндіз облыстың батыс, солтүстік және оңтүстік бөліктерінің жекелеген аумақтарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Температуралық фон сақталады: түнде +3…+8, күндіз +20 градусқа дейін. Жел оңтүстік-батыстан, екпінді болады.
Сәрсенбі, 22 сәуірде ауа райының тұрақсыздығы күшейеді. Облыстың басым бөлігінде жаңбыр, кей жерлерде найзағай болжанады. Түнгі температура +0…+5 градусқа дейін төмендейді, ал күндіз +15…+20 градус шамасында сақталады. Екпінді жел жалғасады.
Аптаның соңына қарай ауа райы айтарлықтай нашарлайды. Бейсенбі, 23 сәуірде түнде жауын-шашын болып жаңбырдың қарға ұласуы күтіледі,көктайғақ болуы мүмкін. Күндіз жаңбыр жауады. Түнгі температура −3…+2 градусқа дейін төмендеп, күндіз +11…+16 градус болады. Жел бағыты солтүстік-батысқа ауысып, күшейеді, екпіні 20–23 м/с-қа дейін жетеді.
Жұма, 24 сәуірде салқын ауа райы сақталады. Түнде облыстың солтүстігі мен шығысында кей жерлерде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, тұман болуы ықтимал. Ауа температурасы түнде −3…+2 градус, күндіз +11…+16 градус. Жел солтүстік-батыстан соғып, екпінді болады.
Петропавл қаласында аптаның басында негізінен құрғақ әрі жылы ауа райы күтіледі. Алайда аптаның ортасынан бастап жаңбыр мен найзағай ықтималдығы артып, соңына қарай температураның төмендеуімен және желдің күшеюімен бірге жауын-шашын болуы мүмкін.
Синоптиктер әсіресе аптаның басындағы қатты желге назар аударады. Мәселен, алдыңғы тәуліктерде жел екпіні 23–28 м/с-қа дейін, ал кей жерлерде 30 м/с және одан да жоғары болған.
