СҚО бизнесіне қаржылық есеп пен автоматтандыру бойынша оқыту жүргізілді

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлердің бизнес-даму сарапшыларымен кездесуі өтті. Іс-шара республикалық білім беру туры аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесу СҚО Креатив орталығында өтті.
Жобаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Орталық Азия франчайзинг қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асыруда. Оның мақсаты – шағын және орта бизнес өкілдеріне тұрақты жұмыс моделін қалыптастыруға және бизнесті кеңейтуге дайындалуға көмектесу.
Кездесу бағдарламасы бизнесті жүргізудің практикалық қырларына бағытталды. Қатысушыларға қаржылық есептің негізгі қағидалары, тиімді команда құру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы айтылды. Қауымдастық төрағасының орынбасары Зарина Мавлянидің айтуынша, бүгінде кәсіпкерлер үшін жинақталған әрі нақты білім алу аса маңызды:
«Қазір түрлі курстар мен кейстер көп, бірақ біз бизнес-тур аясында ең маңызды бағыттарды біріктірдік. Бұл – қаржы мен автоматтандыру мәселелері. Бизнес өскен сайын, көптеген кәсіпкерлер жүйеліліктің жоқтығынан қиындықтарға тап болады».
Оның сөзінше, заманауи басқару құралдарын енгізбей, компанияларға жаңа нарықтарға шығу қиын.
«Егер үдерістер автоматтандырылмаса, кәсіпкер уақытын күнделікті қайталанатын жұмыстарға жұмсайды. Ал қазіргі платформалар бірнеше секунд ішінде тапсырма қойып, есеп алуға мүмкіндік береді. Тек осындай жүйе арқылы бизнесті кеңейтіп, елден тыс нарықтарға шығуға болады», – деді ол.
Оқытудың практикалық жағы туралы консалтингтік компания директоры Жасұлан Мештаев айтып берді. Оның айтуынша, негізгі назар басқарудың жүйелі тәсіліне аударылған:
«Біз есепті дұрыс жүргізу, команда жұмысын ұйымдастыру, қызметкерлерді іріктеу және ынталандыру жүйесін қалыптастыру бойынша шеберлік сабақтар мен тренингтер өткіземіз. Клиенттік базаны талдай білу де маңызды – бұл бизнестің тұрақтылығына тікелей әсер етеді».
Ол цифрлық шешімдердің маңызын да атап өтті: «Біз кең таралған әрі қолжетімді құралдарды ұсынамыз, соның ішінде “Битрикс24” платформасы бар. Бұл бағдарлама компания ішіндегі үдерістерді көп шығынсыз автоматтандырып, басқаруды ашық әрі тиімді етеді».
Кездесу барысында кәсіпкерлерге күзде басталатын KazBrand ұлттық байқауы туралы да айтылды. Сарапшы Елена Узнаева бұл жобаның жергілікті брендтерді дамытуға бағытталғанын атап өтті:
«Кейбір компанияларға аз ғана серпін жетіспейді. Байқау жеңімпаздарына толық брендтік пакет ұсынылады, біз олардың қаржылық мүмкіндіктерін көріп, франчайзингтік модель бойынша дамуына көмектесеміз».
Франчайзинг тақырыбы қатысушылар арасында ерекше қызығушылық тудырды. Көптеген кәсіпкерлер бұл форматты тәуекелі төмен бизнесті кеңейту мүмкіндігі ретінде қарастырады. Балаларға арналған қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін кәсіпкер Айгерім Керейбаева:
«Мен бизнесте үш жылдан астам уақыттан бері жүрмін, франчайзинг тақырыбы мен үшін өте қызық. Қазақстан бойынша біздің орталықтардың желісі ашылса деймін», – деді.
Кездесуге қатысушылар мұндай іс-шаралардың тек теориялық білім ғана емес, бизнесті дамытуға қажетті нақты құралдар беретінін атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, білім беру туры еліміздің 17 қаласын қамтиды, ал Петропавл кәсіпкерлер заманауи жағдайда бизнесті дамыту мәселелерін тікелей талқылай алған маңызды нүктелердің бірі болды.
