Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері алимент бойынша берешек 79 млн теңгеден астам сомаға қысқартылды

Солтүстік Қазақстан облысында Әділет департаментінің бастамасымен, облыстық прокуратура және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп, алимент өндіру жөніндегі атқарушылық іс жүргізулер аясында ай сайын «Борышкер» рейдтік іс-шаралары өткізіліп келеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде есепті кезеңде борышкерлер алимент бойынша 79 млн теңгеден астам берешекті өтеді. Балаларын асырауға төлем төлеуден жүйелі түрде жалтарған 8 адамға қатысты қылмыстық істер қозғалды. Олардың төртеуіне нақты жаза тағайындалды, 2 борышкерге қатысты сот талқылауы жүргізілуде, қалғандары бойынша тергеу жалғасуда.
Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті жеке сот орындаушыларының материалдары негізінде алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін 47 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 8 адам 5 тәулікке дейін қамауға алынды, 11 борышкер қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Департамент, қадағалау органдары және сот орындаушылары тарапынан қабылданып жатқан белсенді шаралар — берешекті мәжбүрлеп өндіру, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту — алимент төлеуден жалтарғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын нығайтуға және балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
