«Құқықтық дәріхана» акциясы СҚО тұрғындарының құқықтық мәселелерін жедел шешудің тиімді алаңына айналды

Солтүстік Қазақстан облысында «Құқықтық дәріхана» ауқымды акциясы жалғасуда. Бастаманы облыстық прокуратура көтерген. Әр сейсенбі сайын өңір тұрғындары өздерін толғандырған құқықтық сұрақтарға жауап ала алады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Акция өткен жылдың қыркүйек айында бастау алған. Әр сейсенбі күні сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін қала тұрғындары «Рахмет» сауда үйінде тегін заң көмегін ала алады. Мұндай шаралар тек қалада ғана емес, барлық аудан орталықтарында да өтуде.
«Біз барлық құқықтық мәселелер бойынша қабылдаймыз. Негізінен әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер, алаяқтық, дропперлік, қылмыстық істерді тергеу мәселелері қаралады. Сондай-ақ тұрмыстық сұрақтар — ажырасу, бала асырап алу және тағы басқа мәселелер бойынша кеңес береміз», дейді СҚО прокурорының аға көмекшісі Гүлмира Бопанова
Акция барысында прокурорлар тұрғындарға бірнеше рет нақты көмек көрсеткен.
Мәселен, Петропавл тұрғыны жеке сот орындаушысының заңсыз есепшот бұғаттауы бойынша жүгінген. Екі айдан астам уақыт бойы ол жалақысын ала алмаған. Прокуратура өкілдері мәселені сол жерде небәрі 15 минут ішінде шешкен.
Петропавл тұрғыны Иван Николаев «Құқықтық дәріханаға» алғаш рет келгенін айтып, мемлекеттік органдардан нақты әрі мазмұнды жауап алғанын жеткізді.
«Бұл азаматтар үшін өте маңызды. Ешқандай кезексіз, кідіріссіз ең өзекті құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру алуға мүмкіндік береді. Мен де жеке мәселеммен жүгіндім – туыстарыма қатысты жағдай еді. Прокуратура қызметкерлеріне алғысым шексіз», — деді ол.
