Туған өлкенің цифрлық тарихы: оқушылар Новоишим ауылындағы бірегей музейге барды

Солтүстік Қазақстан облысында оқушылар үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылып, олар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында орналасқан Creative & IT Center базасындағы Ziyatker Mura Museum цифрлық музейіне барды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтіп, жастарды тарихи-мәдени мұраны сақтаудың заманауи тәсілдерімен таныстыруға бағытталды.
Цифрлық музей – өңір тарихы мен озық технологиялар үйлесім тапқан бірегей кеңістік. Мұнда келушілерге интерактивті экспозициялар ұсынылып, ауданның өткенін заманауи әрі көрнекі форматта танып-білуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, келушілер көрнекті тұлғалар, мәдени құндылықтар, ғылым мен өнер жетістіктері туралы мағлұмат ала алады.
Музей жұмысының басты бағыттарының бірі – өскелең ұрпақты тарту. Оқушылар тек дайын материалдармен танысып қана қоймай, цифрлық экспозицияны қалыптастыру үдерісіне де қатыса алады. Олар өз зерттеу жобаларын жасап, мультимедиялық материалдар әзірлеп, туған өлке туралы архивтік деректерді жинақтап, музей қорын толықтыруға үлес қосады.
Экскурсия барысында оқушылар мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың инновациялық тәсілдерімен танысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, цифрлық құралдарды пайдалану білім беру үдерісін қолжетімді, интерактивті әрі тартымды ете түседі, бұл қазіргі жастар үшін аса маңызды.
Айта кетейік, Ziyatker Mura Museum – Қазақстандағы ауылдық жердегі алғашқы цифрлық музей. Ол Digital Aimaq жобасы аясында ашылған. Бастама SKO Hub өңірлік IT-хабы мен Qyzyljar Creative Center бірлесіп жүзеге асырылуда.
Жоба ауылдық жерлерде цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, оқушылардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және технологиялар мен инновацияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, ол жас ұрпақтың туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне деген байланысын нығайтуға ықпал етеді.
