Өңірдің 600-ден астам оқушысы жолдағы қауіпсіздік ережелерін меңгерді

Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандары мен Петропавл қаласында «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында «Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі» атты профилактикалық акция өтті. Жобаның басты мақсаты — кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараға 4-7 сынып оқушылары, мектептердегі жас жол инспекторлары клубтарының мүшелері тартылды. Жалпы акция 600-ден астам баланы қамтыды. Негізгі іс-шаралардың бірі Петропавл қаласындағы қуыршақ театры базасында өтті. Прокуратура полиция және білім бөлімімен бірлесіп, оқушыларға арналған танымдық кездесу ұйымдастырды.
Іс-шара барысында балаларға жол қозғалысы ережелерінің негізгі талаптары түсіндіріліп, қауіпсіз мінез-құлықтың мысалдары көрсетілді, интерактивті сабақтар өткізілді. Ұйымдастырушылар жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау және жол қозғалысының өзге қатысушыларына құрметпен қараудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
