№7 мектептің дебат клубының финалдық ойыны өтті

Петропавлдағы №7 орта мектепте осы оқу жылындағы соңғы «ЛИГА-А» дебат турнирі өтті. Финалдық ойын ұрпақтар сабақтастығының символына айналды. Орта буын оқушыларынан құралған екі команда арасында өткен пікірсайыста 2026 жылғы түлектер — тәжірибелі дебатшылар капитан болды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Дебат клубының кездесуі мектеп кітапханасында ұйымдастырылды. Командаларға талқылау үшін үш қарар ұсынылды: «Бұл палата интернеттегі буллингті елемеген дұрыс деп есептейді», «Бұл палата интернет-мемдерді XXI ғасырдың жаңа фольклоры деп санайды», «Бұл палата мұғалімнің оқушыны бүкіл сыныптың алдында ашық сынауға құқығы бар деп есептейді».
Қатысушылар тезистерді дәлелдеп немесе теріске шығарып, өз пікірлерін нақты деректермен негіздеп, қазылар алқасын сендіруі тиіс болды. Бір қызығы, төрешілер құрамында да оқушылар болды. №7 мектепте оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі белсенді дамып келеді.
Турнир қатысушыларының бірі — жетінші сынып оқушысы Тамила Садвакасова. Ол дебатқа екінші рет қатысып отыр. Бұл жолы оның командасы жеңіске жетті.
«Маған қиын болған жоқ, өз ұстанымымды қорғап сөйлеу ұнайды. Барлығына дебатта өзін сынап көруге кеңес беремін. Бізге жетекшілік ететін Игорь Александровичпен жұмыс істеу өте ұнайды. Ол — біздің қолдауымыз бен тірегіміз. Жеңіске жетуіме көпшілік алдында қорықпағаным көмектесті», — деді оқушы.
Қарарларды қорғаудан кейін кештің жалғасы ретінде команда капитандары — Валерия Фефелова мен Нұрай Әбілмәжинова арасында шешендік сайыс өтті. Турнирге дайындық барысында олар өздерінен төмен сынып оқушыларына тәлімгер болып, нәтижелі ойынға бағыт-бағдар берген.
«Бұған дейін бізде 11-сыныптар арасында жарыс өткен еді. Сол кезде ерекше көзге түскендіктен, бізді команда капитандары етіп таңдады. Дайындық процесіне барынша аз араласуға тырыстық. Тек кеңес беріп, қандай сөйлеу құрылымдарын қолдану керектігін түсіндірдік. Біздің командалар тапсырманы жақсы орындап шықты», — деді олар.
№7 мектептің дебат клубында үнемі өзекті тақырыптар талқыланады. Ұйым 2020 жылдың 12 ақпанынан бері, яғни алты жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның негізін тарих және құқық пәнінің мұғалімі Игорь Гавриков пен белсенді оқушылар қалаған. Клуб жоғары сынып оқушыларын да, алғашқы қадам жасап жүрген жас шешендерді де біріктіреді.
Айта кетейік, осы клубтан тәжірибелі дебатшылардың бірнеше буыны түлеп ұшқан. Олардың айтуынша, дебат клубы сыни ойлау, сенімді әрі дәлелді сөйлеу қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік берген.
