Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Kozybayev University-де геномика мектебі ашылды

Kozybayev University-де геномика мектебі ашылды

May 18, 2026 16:29

Kozybayev University-де функционалдық геномика және биоинформатика бойынша халықаралық мектеп өз жұмысын бастады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Бес күн бойы алты елден келген жас зерттеушілер геномдарды секвенирлеудің заманауи әдістерін меңгеріп, ауқымды деректер қорымен жұмыс істеп, бүгінде ауыл шаруашылығы мен биотехнология саласындағы тәсілдерді өзгертіп жатқан құралдарды игереді.

Мектептің салтанатты ашылуы университеттің оқу-зертханалық корпусының атриумында өтті. Kozybayev University алаңы екінші жыл қатарынан геномика мен биоинформатиканы дамытуға қызығушылық танытқан ғалымдарды, оқытушыларды және жас мамандарды біріктіріп отыр. Биылғы жоба Arizona Genomics Institute және Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Мектепке Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Сауд Арабиясынан келген 14 зерттеуші қатысты. Орталық Азия үшін мұндай білім беру курсы әлі де бірегей жоба саналады. Университет халықаралық стандарттарға сай бағдарламаны жүзеге асырып, әлемге танылған сарапшылардың тәжірибесін біріктірді.

Оқу бағдарламасы бес күнге жоспарланып, дәрістер мен практикалық сабақтарды қамтыды. Тыңдаушылар биоинформатиканың негіздері мен секвенирлеу технологияларын меңгеріп, бактериялық және эукариоттық геномдарды жинақтау және аннотациялау жұмыстарын үйренді. Сонымен қатар геномдық браузерлермен және деректерді өңдеу әдістерімен танысты. Қатысушылар күн сайын төрт сағат дәріс тыңдап, тағы төрт сағат тәжірибелік жұмыстармен айналысты.

Сабақ барысында азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар бидай мен күріш дақылдарына ерекше назар аударылды. Зерттеушілер селекцияның заманауи тәсілдерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының климат өзгерістері мен сыртқы экологиялық факторларға төзімділігін арттыру жолдарын қарастырды.

Қатысушыларға офлайн дәрістерді әлемдік деңгейдегі танымал ғалымдар оқыды. Олардың қатарында өсімдік геномдарын зерттеуі халықаралық деңгейде мойындалған Аризона геномика институтының директоры, профессор Род А. Винг, сондай-ақ Италия, Сауд Арабиясы және АҚШ-тың жетекші университеттерінде еңбек еткен профессор Андреа Дзукколо бар. Былтыр ол Kozybayev University халықаралық кампусының құрамына қосылған болатын.

Сондай-ақ онлайн форматта Сауд Арабиясы, Ұлыбритания және АҚШ елдерінен шақырылған мамандар да дәріс оқыды. Мектептің халықаралық форматы қатысушыларға жаңа білім алып қана қоймай, түрлі елдерден келген әріптестерімен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Shares