Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» форумы: Ғауез Нұрмұхамбетов пен Александр Данилов Петропавл тұрғындарымен ТКШ-ны жаңғырту мәселесін талқылады

«Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» форумы: Ғауез Нұрмұхамбетов пен Александр Данилов Петропавл тұрғындарымен ТКШ-ны жаңғырту мәселесін талқылады

May 15, 2026 18:26

Петропавлда «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум-семинар өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Оқушылар сарайында өткен жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері, МИБ және ПИК төрағалары, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін дамытуға мүдделі өңір тұрғындары жиналды.

Форум қатысушылары тұрғын үй қорын жаңғырту, заңнаманы жетілдіру, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысының ашықтығы, сондай-ақ тұрғындардың коммуналдық және мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.

Форумға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, AMANAT партиясының хатшысы Александр Данилов, салалық ведомстволар мен коммуналдық қызметтердің өкілдері қатысты.

Форумды ашқан өңір басшысы соңғы жылдары облыста тұрғын үй реформасы алға жылжығанымен, әлі де шешімін күткен маңызды мәселелер бар екенін атап өтті. Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, бүгінде өңірде 1920 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1629-ы басқарудың жаңа нысандарына көшуі тиіс. Қазіргі таңда 511 МИБ құрылып, 946 кондоминиум нысаны тіркелген.

«Әрбір тіркелген МИБ-тің артында нақты мәселелері бар нақты үйлер тұр. Бұл — тұрғын үй қорының тозуы, кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі, заңнамадағы олқылықтар, күрделі жөндеуге қаражат жинаудың жеткіліксіздігі. Бұл сын емес, бірлескен іс-қимыл жоспары», — деді облыс әкімі.

AMANAT партиясының хатшысы Александр Данилов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасы азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтты.

«МИБ және ПИК төрағалары күн сайын тұрғындармен жұмыс істейді және үйлердегі нақты мәселелерді жақсы біледі. Сондықтан партия бұл бағытты оқыту, қалалық кеңестер құру және әкімдіктермен өзара байланысты күшейту арқылы дамытуды көздеп отыр. Біздің міндетіміз — тұрғын үйлерді басқаруды кәсіби, ашық әрі тиімді ету», — деді Александр Данилов.

Форум барысында абаттандыру және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да ерекше назар аударылды. Өңір басшысының айтуынша, аулаларды, көшелерді және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері сенбіліктер мен экологиялық шараларға 89 мыңға жуық адам қатысып, ондаған мың аула тазартылып, 114 мың тоннадан астам қалдық шығарылған.

Талқылау кезінде қатысушылар апатты және ескі тұрғын үйлер мәселесін де көтерді. Облыс әкімінің мәліметінше, өңірде 37 апатты және 205 ескі үй бар. Бұл мәселені шешу үшін 2029 жылға дейінгі жол картасы бекітіліп, реновация бағдарламасын жалғастыру және тұрғындарды баламалы баспанамен қамтамасыз ету көзделген.

Тағы бір маңызды тақырып — тұрғын үй-коммуналдық саладағы цифрландыру болды. Облыс басшылығы МИБ пен ПИК үшін бірыңғай цифрлық платформаны енгізуге ниетті. Бұл тұрғындарға онлайн режимде шығындарды бақылауға, дауыс беруге және коммуналдық қызметтердің жұмысы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

«Мемлекет жағдай жасауы керек, бизнес шешім ұсынуы тиіс, ал меншік иелері өз тұрғын үйіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Тек сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Форум барысында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізу жөнінде де ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, МИБ төрағаларына борышкерлер туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін беру, пәтер сату кезінде коммуналдық қарыздың жоқтығы туралы анықтаманы міндеттеу, сондай-ақ ортақ мүлікті күтіп-ұстау бойынша МИБ өкілеттіктерін кеңейту мәселелері көтерілді.

Іс-шараның ресми бөлігінен кейін тұрғын үй-коммуналдық, энергетика және коммуналдық сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар мамандар Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ведомстволық наградалары, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.

«Еңбек ардагері» медалімен «Қызылжар су» ЖШС су тазарту құрылыстарының басшысы Геннадий Кириллов марапатталды. Ал облыстық энергетика және ТКШ басқармасының стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Евгения Островская «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындар, энергетикалық ұйымдар, су шаруашылығы саласы және аудандық қызметтердің өкілдері құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталды.

Бұдан бөлек, AMANAT партиясының хатшысы Александр Данилов партияның атқарушы хатшысының алғыс хаттарын және жаңа мүшелерге партиялық билеттер тапсырды. Олардың қатарында МИБ төрағалары мен коммуналдық сала өкілдері бар.

Форум азаматтарды қабылдаумен аяқталды. Тұрғындар мемлекеттік органдар мен салалық қызмет өкілдеріне сұрақтарын қойып, көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау, абаттандыру және өңірдің коммуналдық инфрақұрылымына қатысты мәселелерді талқылады.

Shares