XIX ғасырдың сирек тарихи материалдары СҚО-ның киелі жерлерінің топографиялық картасын жасауға негіз болды

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві базасында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы сирек тарихи материалдар негізінде әзірленген өңірдің киелі нысандарының топографиялық картасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жаңа жоба облыстағы қасиетті және тарихи маңызы бар орындар туралы мәліметтерді біріктіріп, Солтүстік Қазақстан тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
Картаға тарихи-мәдени мұраға жататын 34 нысан енгізілген. Олардың қатарында Қарасай және Ағынтай батырлар мемориалдық кешені, Абылай хан резиденциясы музейі, Ботай қонысы, Қожаберген жырау, Күлсары батыр, Ноғайбай би, Ақан сері кесенелері, сондай-ақ Уәлихановтар әулетінің қонысы бар. Киелі нысандардың алтауы тікелей Петропавл қаласында орналасқан.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві директоры Сауле Малікова ұсынылған картаның шын мәнінде бірегей екенін атап өтті.
«Карта Ресей, Моңғолия және республикалық архивтерде сақталған материалдардың электронды базасы негізінде анықталып, жинақталды. Ол XIX ғасыр мен XX ғасырдың басына жатады. Сол кезеңде Ресей империясы Қазақстан аумағында ауқымды ғылыми-топографиялық экспедиция ұйымдастырған. Мұнда қоныс аудару кезеңіне дейінгі елді мекендердің тарихи атаулары, көлдер мен өзендердің атаулары, сондай-ақ бұрын анықталмаған белгілі тұлғалардың жерленген орындары мен тарихи оқиғалар өткен жерлер көрсетілген», — деді ол.
Көптеген жасақтардың құрамында шамамен 25 адамнан жұмыс істеп, жалпы мыңға жуық топограф, ғалым мен зерттеуші еңбек еткен. Олар дала аумақтарын «желпуіш» әдісімен аралап, географиялық нысандарды, қыстауларды, ауылдарды, өзен-көлдерді, тарихи оқиғалар өткен жерлер мен қорымдарды тіркеген. Сол атаулардың көпшілігі бүгін ғана кең жұртшылыққа белгілі болып отыр.
Сауле Малікованың айтуынша, өңірдің тарихи орындарын зерттеу жұмыстары осыдан жүз жыл бұрын — Ақмола губерниялық Қазақстанды зерттеу бөлімінің қызметі кезеңінде басталған. Сол уақытта мұғалімдер, қоғам қайраткерлері мен өлкетанушылар қорғандар, көне тұрақтар және тарихи орындар туралы мәліметтер жинаған. Бүгінде бұл деректер архивтік карталармен салыстырылып отыр.
«Кездесуге студенттер, магистранттар мен мектеп оқушыларының қатысып отырғаны ерекше маңызды. Тарихи-мәдени мұра арқылы жастардың туған жер тарихына құрметін қалыптастыруымыз керек», — деп атап өтті архив директоры.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Абдарахманов өз сөзінде мұндай жобалардың тарихи жадты қалпына келтірудегі маңызын айтты.
«Қазақ халқының өткен ғасырлардағы өмірінің шынайы беттері біртіндеп ашылып келеді. Біз халықтың кең байтақ аумақта өмір сүріп, шаруашылықты дамытқанын, адамдар арасында өзара көмек пен сыйластық мәдениеті жоғары болғанын көреміз. Киелі орындардың заманауи картасы осының бәрін келер ұрпақ үшін сақтауға көмектеседі», — деді еңбек ардагері.
Тұсаукесер барысында мамандар картаның туристік әрі тарихи-танымдық маңызы туралы да айтып берді. Онда киелі нысандармен қатар тарихи қоныстану ерекшеліктері, көне географиялық атаулар мен өңірдің мәдени ескерткіштері көрсетілген.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, жоба Солтүстік Қазақстан облысының тарихи мұрасын жүйелеудегі маңызды қадам болып, өлке тарихының жаңа беттерін ашуға мүмкіндік береді.
