2026 жылдың басынан бері Петропавлда қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді

Петропавл қаласы әкімдігінде ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға облыс орталығындағы мемлекеттік органдардың, атап айтқанда прокуратура, полиция және өзге де ведомстволардың басшылары мен өкілдері қатысты. Кеңес қала әкімі Серік Мұхамедиевтің қатысуымен өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Отырыста құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күрес мәселелері талқыланды. Еске сала кетейік, биылғы наурыз айынан бастап Қазақстанда «Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң күшіне енді. Кездесуде барлық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының маңыздылығы да айтылды. Әр ведомствоға өз міндеттері еске салынды.
«Біздің жұмыс тәжірибемізде құқықбұзушылықтардың алдын алу көбіне ішкі істер органдарына жүктеліп келді. Қазір жаңа заң қабылданды. Онда тек полицияның емес, барлық органдардың құзыреті белгіленген. Бүгінгі шараның мақсаты — қылмыспен күрестегі ортақ іс-қимылды талқылау», — деді Петропавл қаласының прокуроры Ғалымжан Аубакиров.
Кеңесте спикерлер қала әкіміне атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен облыс орталығы бойынша статистиканы ұсынды. Қала прокуратурасының мәліметінше, жыл басынан бері жалпы қылмыс деңгейін 831 жағдайдан 737-ге дейін төмендетуге мүмкіндік туған. Бұл — 11 пайызға аз. Алайда кейбір қылмыс түрлерінің өскені байқалады. Олардың қатарында тонау, ауыр дене жарақатын салу, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар және көлік қылмыстары бар.
Жиында айтылғандай, қылмыстардың 30 пайызы немесе 120 жағдай мас күйінде жасалған. Биыл 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін 20 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның үшеуі лицензиясынан айырылды. Сондай-ақ 40 кәсіпкер алкогольді рұқсат етілмеген уақытта сатқаны үшін жауапқа тартылған.
«Талдау көрсеткендей, қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік масаң күйде жасалады. Сондықтан ішкі істер органдарында заңсыз сатылған өнімдерді тәркілеу негізгі басым бағыттардың бірі болып отыр. Биыл тәркіленген өнім көлемі 4593 литрді құрады, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 617 литр болған», — деді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Биыл кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 42,9 пайызға артқаны да кеңесте айтылды. Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың қатарында есірткі сату, есірткі қолдануға итермелеу, дропперлік және бопсалау бар.
Жаңа заң қылмыстың алдын алуға көмектеседі. Еске сала кетейік, бұған дейін бес заң бір құжатқа біріктірілді. Енді құқықбұзушылықтардың алдын алу субъектілерінің қатары кеңейіп, оған азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық ұйымдар және өзге де ведомстволар енгізілді.
