Петропавлда жастар АИТВ мен нашақорлықтың алдын алу бойынша білімдерін тексерді

Петропавл қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағы кітапханада «Қауіпсіздік бағыты: есірткі мен АИТВ-ға қарсы» атты профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Интеллектуалдық квизді қаладағы Жастар ресурстық орталығы Облыстық АИТВ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығымен бірлесіп, «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Кездесуге қаладағы төрт колледждің студенттері қатысты. Ұйымдастырушылар мен мамандар жастармен бірге нашақорлықтың, АИТВ/ЖИТС пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу мәселелерін, сондай-ақ өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңызын талқылады.
Іс-шара интерактивті форматта өтті. Студенттер тақырыптық сұрақтарға жауап беріп, пікірталастарға қатысып, қауіпсіз өмір салтына арналған тапсырмаларды орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл квиз оқу жылы бойы студенттермен жүргізілген профилактикалық жұмыстың өзіндік қорытындысы болды.
Жастар алдында Облыстық АИТВ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының маманы Ольга Симухина мен СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полицияның аға лейтенанты Зинаида Попова сөз сөйледі. Олар студенттерге есірткі заттарын қолданудың салдары, тыйым салынған препараттарды таратқаны үшін жауапкершілік туралы еске салып, АИТВ инфекциясының алдын алудың заманауи тәсілдері жөнінде айтты.
Петропавл қалалық ЖРО жетекшісі Дамир Абдин мұндай іс-шаралар жастармен маңызды тақырыптарды түсінікті әрі қолжетімді форматта талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жастарға тек дәріс оқып қана қоймай, оларды ашық диалогқа тарту өте маңызды. Квиз форматы білімді тексеруге, кең таралған мифтерді жоққа шығаруға және денсаулық пен қауіпсіздік әр адамның жеке таңдауына байланысты екенін тағы бір еске салуға мүмкіндік береді. Біз жастар сенімді ақпарат алып, қауіпті әрекеттердің салдарын түсінуі үшін осындай кездесулерді тұрақты өткізуге тырысамыз», — деді Дамир Абдин.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты — жастардың ақпараттану деңгейін арттыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында АИТВ инфекциясы мен нашақорлықтың алдын алуға ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында қатысушылар мұндай форматтың күрделі тақырыптарды жеңіл қабылдауға көмектесетінін және профилактикалық жұмысты қызықты әрі тиімді ететінін айтты.
