Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Бескөлде сүт өңдейтін жаңа цех іске қосылады

Бескөлде сүт өңдейтін жаңа цех іске қосылады

May 20, 2026 12:50

СҚО-ның Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында сүт өнімдерін өңдейтін жаңа цех салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

«Молсервис» кәсіпорнының базасында сары май, сүзбе және сүзбе өнімдерін шығару жоспарланған.

Құрылыс жұмыстары шамамен 90 пайызға аяқталған. Жаңа өндіріс орны іске қосылғаннан кейін 20-ға жуық жұмыс орны ашылып, тәулігіне 20 тоннадан астам сүт өңделетін болады.

Кәсіпорын директоры Ғалибек Рамазановтың айтуынша, жоба екінші деңгейлі банктен алынған несие қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Жаңа цех үшін кәсіпорынның техникалық талаптарына сай арнайы дайындалған ресейлік заманауи жабдықтар сатып алынған.

«Жабдықтар толық орнатылып, монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір электр желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Алда іске қосу-баптау кезеңі мен сынамалық өнім шығару бар. Цехты маусым-шілде айларында іске қосуды жоспарлап отырмыз», — деді кәсіпорын басшысы.

Жаңа өнім түрлеріне майлылығы 72 және 82 пайыздық сары май, қапталған және салмақпен сатылатын сүзбе, сондай-ақ мейіз, кептірілген өрік және басқа да қоспалары бар сүзбе массасы кіреді.

Кәсіпорында шикізат тапшылығы болмайтынын атап өтті. «Молсервис» өз өндірістік базасына ие және өңірдегі тауарлы-сүт фермаларымен тұрақты жұмыс істейді.

«Біз “егістіктен сөреге дейін” қағидатымен жұмыс істейміз. Өзіміздің егіс алқаптарымыз, тауарлы-сүт фермамыз және зауытымыз бар. Сапаны бақылау барлық кезеңде жүргізіледі — мал азығынан бастап дайын өнімге дейін», — деді Ғалибек Рамазанов.

Компания нарықта 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда табиғи сүт және қышқыл сүт өнімдерінің 16 түрін шығарады. Атап айтқанда, сүт, қаймақ, йогурт, ряженка және басқа да өнімдер өндіріледі. Өнімдер тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, Астана, Көкшетау, Қостанай облысы мен Теміртау қалаларында да сатылымға шығарылады.

Кәсіпорында өнім сапасын бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Зертхана меңгерушісі Елена Семенованың айтуынша, зертхана шикі сүтті қабылдаудан бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі бүкіл өндірістік процесті қадағалайды.

«Біз қоюландырғыштар, тұрақтандырғыштар мен консерванттарды қолданбаймыз. Өнім құрамында тек сүт, ашытқы дақылдары, ал тәтті өнімдерде қант немесе табиғи хош иістендіргіштер ғана бар», — деді ол.

Барлық зерттеулер мемлекеттік стандарттарға сай жүргізіледі. Зертханада сүттің майлылығы, қышқылдығы, тазалығы, ақуыз мөлшері және термотұрақтылығы тексеріледі.

«Егер көрсеткіштер ГОСТ талаптарына сәйкес келмесе, мұндай сүт өңдеуге қабылданбайды және жеткізушілерге қайтарылады. Біз шаруашылықтармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, кеңес береміз, орындарға барып, мәселелерді шешуге көмектесеміз», — деп түсіндірді Елена Семенова.

Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа цехтың іске қосылуы өнім түрлерін көбейтуге, өндіріс көлемін арттыруға және солтүстікқазақстандық өнімдердің нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Shares