СҚО-ның биылғы бюджетінің кіріс бөлігін 767 миллион теңгеге ұлғайту жоспарлануда

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің отырысында бюджеттің орындалуынан бастап қоршаған орта сапасының экологиялық көрсеткіштеріне дейінгі бірнеше маңызды мәселе қаралды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі — 2025 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы есеп болды.
СҚО қаржы басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет кірісі шамамен 526 миллиард теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға жуық артық. Оның сөзінше, өңір бірнеше жылдан бері бюджетті орындау бойынша көшбасшы орындарды сақтап келеді.
Спикердің айтуынша, кірістердің өсуі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы мен қаржылық жоспарлауға жүйелі көзқарастың нәтижесі. Соның арқасында облыста шығыстардың әлеуметтік бағыты сақталып, халық алдындағы міндеттемелер уақытылы орындалып, инфрақұрылымды дамыту жалғасуда.
Бюджет қаражаты әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытуға, жолдарды жөндеуге, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін қолдауға және өзге де маңызды бағыттарға жұмсалды. Сонымен қатар өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мен әлеуетін нығайту мәселелеріне де назар аударылды.
Отырыста 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасы да жеке қаралды. Ұсыныс бойынша кіріс бөлігін тағы 767 миллион теңгеге ұлғайту көзделіп отыр.
Қосымша түсімдерді мемлекеттік мүліктен түсетін табыстар, мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар мен санкциялар, сондай-ақ негізгі капитал мен мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түскен қаражат есебінен алу жоспарланған.
Қоғамдық кеңес мүшелері бюджетті нақтылау басым бағыттарды қаржыландыруға және әлеуметтік міндеттемелердің тұрақты орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Отырыстағы тағы бір маңызды мәселе — қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері жобасы болды. Бұл жөнінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Тәшімов баяндама жасады. Ол экологиялық мониторинг саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен өңірдегі қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар туралы айтты.
Жалпы, облыстық қоғамдық кеңес отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты төрт мәселе қаралды.
