Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда ыстық су екі аптаға өшіріледі

Петропавлда ыстық су екі аптаға өшіріледі

May 20, 2026 10:26

28 мамырдан бастап «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес гидравликалық сынақ жұмыстарын бастайды. Жыл сайынғы жұмыстардың басты мақсаты — келесі жылыту маусымына сапалы дайындық жүргізу үшін құбыр желілері мен технологиялық жабдықтардағы ақауларды анықтау, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Компанияның мәліметінше, сынақ кезеңінде жерасты және жерүсті магистральдық желілер жұмыс қысымынан 25 пайызға жоғары қысыммен тексеріледі. Желідегі судың температурасы 40 градустан аспайды. Жұмыстар екі апта бойы жалғасады. Осы уақыт аралығында Петропавл қаласында ыстық су толықтай өшіріледі.

«Сынақ жұмыстары аяқталғаннан кейін тұтынушылар кезең-кезеңімен қайта қосылады. Анықталған ақаулары бар учаскелер жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша ажыратылады. Бұл тиісті тұрғын үйлерге ыстық су беруге уақытша әсер етеді», — делінген хабарламада.

Жөндеу жұмыстарының нақты аяқталу мерзімі мен ыстық суға қосу туралы энергетиктер әлеуметтік желілер және МИБ төрағалары арқылы хабарлайды. Компанияда қажетті материалдардың толық қоры бар екені, сондай-ақ технологиялық ақауларды жедел жою үшін апаттық қызмет мамандары дайындалғаны атап өтілді.

Shares