СҚО ПД музейінде ашық есік күні өтті

Халықаралық музейлер күні Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің музейі ашық есік күнін ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
18 мамыр күні ведомстволық музей есігін барша келушілерге айқара ашты. Бұл шара өңірдің құқық қорғау органдары тарихы жай ғана архив беттері емес, адамдардың еңбегі мен қызметі екенін тағы бір мәрте еске салды.
Бір күн ішінде музейге 50-ден астам адам келді. Олардың қатарында педагогтар, қала колледждерінің студенттері, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері, балаларымен келген отбасылар болды. Көпшілік үшін музеймен танысу түрлі дәуірлерге саяхат іспетті әсер қалдырды.
Музей экспозициясында 4 мыңнан астам экспонат бар. Төрт тақырыптық залда құжаттар, фотосуреттер, марапаттар, қызметтік форма үлгілері, полиция қызметкерлерінің жеке заттары және әртүрлі тарихи кезеңдердегі қару түрлері сақталған. Келушілердің ерекше қызығушылығын 2015 жылы ашылған қару-жарақ бөлмесі мен бай бейнематериалы бар кинозал тудырады.
Мұндағы тарих XVIII ғасырдан бастап қазіргі заманға дейінгі шамамен үш ғасырды қамтиды. Экспозициялардан өңірдегі құқық қорғау органдарының, қызметтік форманың, жұмыс тәсілдерінің және жалпы дәуірдің қалай өзгергенін көруге болады. Стендтер мен сирек фотоальбомдарда тек ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдері ғана емес, Солтүстік Қазақстан облысының тарихы да көрініс тапқан.
Музей СҚО полиция департаменті жанында 1989 жылдан бері жұмыс істейді және Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесіндегі үздік ведомстволық музейлердің бірі саналады. Алайда полиция қызметкерлері үшін бұл орын жай ғана көрме кеңістігі емес.

Мұнда буындар кездесулері, қылмыстық іздестіру, тергеу, жол полициясы ардагерлерімен және учаскелік инспекторлармен «ерлік сабақтары» өтеді. Бұл жерде жас қызметкерлер тек қызмет тарихын ғана емес, мамандықтың сабақтастығын да терең түсінеді. 2019 жылы дәл осы музейде патрульдік полиция батальонының ондаған сержанты алғашқы офицерлік шенін алғаны да символикалық оқиға болды.
36 жыл ішінде музей өңірдің кәсіби және қоғамдық өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Оның қазіргі келбеті – тарихты сақтауға өмірін арнаған адамдардың еңбегінің нәтижесі.
Музейдің негізін милиция подполковнигі, запастағы қызметкер Любовь Осинская қалаған. Ол музейді құрылған сәттен бастап 2025 жылдың желтоқсанына дейін басқарған. Бүгінде қорды сақтау жұмысын музей сақтаушысы, милиция подполковнигі запастағы Нина Бенграф және полиция қызметкері Меруерт Самаратова жалғастыруда.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, ешқандай сан немесе фото бұл орынның атмосферасын толық жеткізе алмайды. Мұнда тарих нақты заттар, адам оқиғалары және бірнеше буын солтүстікқазақстандық полицейлердің қызметтік жады арқылы ерекше сезіледі.
Музейге барлық ниет білдірушілер бара алады. Ол Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 70 мекенжайында орналасқан. Кіру есігі Астана көшесі жағынан ғимараттың бүйір бөлігінде орналасқан.
