Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда полицейлер мен прокурорлар жастармен киберқылмыстан қорғану тәсілдерін талқылады

Петропавлда полицейлер мен прокурорлар жастармен киберқылмыстан қорғану тәсілдерін талқылады

May 16, 2026 10:41

Петропавлда «Заң және тәртіп» республикалық идеологиясы аясында ұйымдастырылған «Интернет-алаяқтықтың алдын алудың бірыңғай күні» өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, колледж студенттері мен қала жастары қатысты.

Кездесуді «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Басқосудың негізгі тақырыбы – азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау, қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру болды.

Кездесу басталар алдында қатысушыларға ақпараттық парақшалар таратылып, LED-экранда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің интернет-қылмыстың кең таралған схемалары туралы бейнероликтері көрсетілді. Іс-шара барысында жеке деректерді қорғау тәсілдері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қауіптер, сондай-ақ алаяқтардың азаматтарды алдау үшін қолданатын әдістері талқыланды.

Кездесуді ашқан модератор бүгінде интернет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын, алайда цифрлық сервистердің ыңғайлылығымен қатар желідегі қылмыстар санының да артып келе жатқанын атап өтті.

«Алаяқтар барған сайын айлаларын асыра түсуде: “банк қауіпсіздік қызметінен” қоңырау шалу, жалған сайттар, аккаунттарды бұзу, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы алдау жағдайлары жиілеп барады. Сондықтан өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғау керектігін білу өте маңызды», – делінді кездесу барысында.

Киберқылмыстың негізгі түрлерімен қатысушыларды СҚО полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Милена Балацкая таныстырды. Ол интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы айтып, цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын еске салды.

Интернет-қылмыстарға қарсы іс-қимылдың құқықтық аспектілерін аға прокурор Тимур Күлжанов түсіндірді. Ол өз сөзінде киберқылмыс үшін жауапкершілікке және алаяқтық фактілері орын алған жағдайда құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінудің маңыздылығына тоқталды.

Азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау тақырыбын адам құқықтары жөніндегі уәкіл Жанат Жұмабаев жалғастырды. Ол жеке деректердің сақталуы мен интернеттегі қауіпсіздік мәселелері бүгінде адам құқықтарын қорғаумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Қоғамдық даму және ақпарат орталығының» жастар бастамалары бөлімінің басшысы Анастасия Волкова интернет-алаяқтық қазіргі заманның ең өзекті қауіптерінің бірі болып қала беретінін айтты.

«Бүгінде интернет-алаяқтық ең кең таралған қауіптердің біріне айналып отыр. Сондықтан кездесудің басты мақсаты – жастардың цифрлық және құқықтық сауаттылығын арттыру, алаяқтық схемаларды тануға және жеке деректерін қорғауға үйрету. Әрбір қатысушы интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық негіздерін біліп, желідегі ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай алуы маңызды», – деді ол.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар спикерлер мен қатысушыларға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, алынған білім жастарға цифрлық кеңістікте сенімді бағдарланып, қауіпсіз қаржылық шешімдер қабылдауға көмектесетініне сенім білдірді.

Shares