Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда мобильді аударымдарды бақылау ережелері түсіндірілді

Петропавлда мобильді аударымдарды бақылау ережелері түсіндірілді

May 19, 2026 13:52

Петропавлда СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ержан Қасейінов мобильді аударымдарды бақылауға қатысты мәселелерді түсіндірді. Бұл тақырып қоғам арасында үлкен қызығушылық тудырып отырғандықтан, спикер тексерулердің негізгі тетіктеріне жан-жақты тоқталды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Ведомство өкілі барлық азаматтардың аударымдары жаппай бақылауға алынбайтынын атап өтті. Тексерулер тек тиісті тіркеусіз және салық төлемей кәсіпкерлік қызмет белгілері бар тұлғаларға қатысты жүргізіледі.

«Бақылауға бір жеке тұлғаның қатарынан үш күнтізбелік ай ішінде кәсіпкерлік қызметке арналмаған банктік шоттарына жүз және одан да көп әртүрлі тұлғалардан ақша қаражатын алуы жатады. Сонымен қатар, түсімнің жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы тиіс. Түсінікті болу үшін айта кетейін: 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Демек, шекті сома көрсетілген кезеңде 1 миллион теңгеден асады», – деді Ержан Қасейінов.

Екінші деңгейлі банктер мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына автоматты түрде емес, тек аталған талаптардың барлығы бір мезетте орындалған жағдайда ғана жолдайды.

Ақпарат алынғаннан кейін салық органдары бақылау шараларын жүргізеді. Алғашқы кезеңде азаматтарға жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Салық төлеушіге хабарлама жіберіледі, оның сипаты ескертуші болып табылады және жауап беруді талап етпейді. Әрі қарай қандай әрекет жасау керектігін жеке тұлға өзі шешеді.

Келесі кезең – камералдық бақылау. Оның қорытындысы бойынша азаматқа анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жолданады. Оны 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Егер салық төлеуші заңбұзушылықтармен келіссе, есептілік тапсыру арқылы оларды жояды. Ал келіспеген жағдайда себептерін көрсетіп, растайтын құжаттарды қоса тіркеп, жазбаша түсініктеме жолдайды.

«Жеке атап өткім келеді: критерийлерге сәйкес келудің өзі салық есептеу, шоттарды бұғаттау немесе жауапкершілікке тарту дегенді білдірмейді. Шығыс операцияларын тоқтату тек камералдық бақылау нәтижесінде жолданған хабарламаны орындамаған жағдайда және тек Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген тәртіппен ғана жүзеге асырылады», – деді спикер.

Shares