Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ойқала шағын ауданында «CLEAR-FEST» экологиялық марафоны өтті

Ойқала шағын ауданында «CLEAR-FEST» экологиялық марафоны өтті

May 19, 2026 11:49

Ойқала шағын ауданында студенттерді, волонтерлер мен жастар ұйымдарының өкілдерін біріктірген «CLEAR-FEST» экологиялық марафоны өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Акция қатысушылары аумақты қоқыстан тазарту және экология мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелеріне назар аударту мақсатында сенбілікке шықты.

Іс-шараның бастамашылары – СҚО ішкі саясат басқармасы мен Жастар ресурстық орталығы. Акцияға сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, «Жастар рухы» қозғалысы және қала колледждерінің студенттері қатысты.

Марафон қатысушыларының бірі – М. Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенті Леонид Саутин. Жас жігіт бұған дейін де экологиялық шараларға қатысқанын айтып, мұндай бастамалардың жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Бұған дейін Пестрое көлінде ағаш отырғызу акциясына қатыстым. Осындай шаралар Қазақстанға өте қажет деп есептеймін. Жастар пайдалы әрі игі істермен айналысуы керек. Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен деймін», – деді ол.

Акция өтетін орын кездейсоқ таңдалмаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шағын ауданда аумақтың ластануы мәселесі бірнеше рет көтерілген. Сондықтан белсенділер аталған аумақты тазартуға көмектесуді ұйғарған.

«СҚО Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Әлжановтың айтуынша, марафонға шамамен 30 адам қатысты.

«Акцияның басты мақсаты – қоқыс жинап қана қоймай, жастарды экологиялық мәдениетке баулу. Әр адам қаланың тазалығы өзімізге байланысты екенін түсінуі маңызды. Қырық минут бойы қатысушылар қоқыс жинайды, кейін қорытынды шығарып, жиналған қалдықтарды өлшеп, ең белсенді қатысушыларды марапаттаймыз», – деді Тимур Әлжанов.

Ұйымдастырушылар өңірде экологиялық акциялар мен жастар бастамаларын алдағы уақытта да жалғастыру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Shares