Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында көз жұмды

Бір апта бұрын қайғылы жағдайда өмірден өткен блогер Сәуле Базарханның жақындары әлеуметтік желіде жазба жариялап, оқиғаның себептері туралы баяндады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сәуле Базарханның (Ермаханова) келіні әлеуметтік желідегі парақшасында енесінің қайтыс болуына қатысты мәліметтермен бөлісті.
– 2026 жылғы 15 мамырда анамыз Алматы қаласындағы жекеменшік клиникада көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, жергілікті анестезиямен жасалатын бір жарым сағаттық жоспарлы липосакция операциясы отбасымыз үшін үлкен қайғыға айналды. Бір сағат. Бір жарым сағат. Екі сағат. Үш сағат. Сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді. Тек үнсіз қалды. Анамыздың қайтыс болғанын қасында жүрген туысымызға тек кешкі сағат 18:00 шамасында ғана хабарлаған, – деп жазды ол.
Сондай-ақ келіні жедел жәрдем көлігі тек сағат 19:00-де келгенін айтып, әлі де жауап күтетін сұрақтардың көп екенін жеткізді.
– Үш сағат. Үш сағат бойы ол жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Неліктен дәрігерлер өлім туралы бірден хабарламады? Біз сол уақыт ішінде не болғанын білгіміз келеді. Анамызды аман алып қалу үшін қандай да бір әрекеттер жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады? – делінген жазбада.
Жазба авторының айтуынша, анасы қайтыс болған клиника әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып, жаңа клиенттерді қабылдауға жазып жатыр.
– Анамызды көпшілік жақсы білетін. Ол миллиондаған оқырманы бар әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізді. Бірақ біз үшін ол ең алдымен аяулы ана және сүйікті әже еді. Мейірімді, қамқор, өмірге құштар жан болатын. Ол небәрі 53 жаста еді. Алда жүзеге асырғысы келген жоспарлары көп болатын. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Біз ақиқат пен әділдік үшін, мұндай жағдайдың ешкімнің басына қайталанбауы үшін соңына дейін күресеміз, – деп жазды келіні.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Тергеу мүддесіне байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес істің өзге мән-жайлары жарияланған жоқ.
Қайғылы оқиғадан кейін клиниканың 2GIS сервисіндегі парақшасында көптеген теріс пікірлер пайда болды. Пайдаланушылар мекемеге ең төменгі баға беріп, адам өліміне байланысты кінә тағуда. Алайда бұл айыптаулардың заңды бағасын тергеу нәтижелері анықтайды.
