Петропавл жастары үшін «Заң әрекетте» құқықтық квесті ұйымдастырылды

Петропавл қаласындағы Бірінші Президент саябағында жастар мен колледж студенттеріне арналған «Заң әрекетте» атты құқықтық квест өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Іс-шара барысында қатысушылар құқық, қауіпсіздік және жауапкершілік тақырыптарына арналған бірнеше сайыстан өтті. «Заң коды» деп аталған алғашқы кезеңде жастар әртүрлі әріптерден сөз құрастыру тапсырмасын орындады. Екінші «Таңдау аумағы», үшіншісі «Заң әрпі бойынша», ал соңғысы «Сәйкестендіру» деп аталды.
– Біз бұл шараны қатысушылар үшін тек танымдық қана емес, қызықты да етіп ұйымдастыруға тырыстық. Әрбір жас өз білімін тәжірибе жүзінде қолдана алатындай жағдай жасадық. Командалық жұмысты дамытуға, логикалық ойлауды жетілдіруге және өмірлік жағдайларда заң тұрғысынан дұрыс шешім қабылдай білуге ерекше көңіл бөлінеді. Осындай іс-шаралар жастардың заңға деген құрметін арттырып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз, – деді СҚО әкімдігі Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастар бастамалары бөлімінің жетекшісі Анастасия Волкова.
Квестке әр колледжден бес адамнан құралған бес команда қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылар дипломдармен және заманауи құлаққаптар секілді бағалы сыйлықтармен марапатталды.
