Петропавлда Даун синдромы бар балаларды қолдауға арналған қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді

14 маусым күні сағат 09:00-де Петропавл қаласында Даун синдромы бар балаларды қолдауға арналған 5 шақырымдық қайырымдылық жүгіру жарысы ұйымдастырылады. Іс-шара Тұңғыш Президент саябағының аумағында өтеді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Бұл игі бастаманы «Солнечный дом» қорының белсенділері ұсынған. Қайырымдылық жүгіру жарысы Даун синдромы бар балалардың арманына бір табан жақындауына мүмкіндік береді. Атап айтқанда, спорттық команда жеңіл атлетикадан өтетін халықаралық чемпионатқа қатысу үшін Ташкент қаласына жолдама ала алады.
Балалар бұған дейін де халықаралық аренада Қазақстанның мерейін үстем еткен болатын. Еске салсақ, өткен жылы «Солнечный дом» қорының белсенділері Түркияда өткен жарыстарда 15 медаль жеңіп алған еді.
Қатысу жарнасы 5 мың теңгені құрайды. Жарысқа кез келген адам қатыса алады. Тіркелу үшін 8 705 503 94 27 (Татьяна) нөміріне хабарласу қажет.
Ұйымдастырушылар қазіргі уақытта іс-шараға серіктес болуға ниетті ұйымдарды да іздестіруде. Қатысушыларға арналған старттық пакеттерді толықтыру үшін жеңілдік карталарын немесе компания өнімдерін ұсынуға болады.
