Балалық шақ – басты назарда: Петропавлдың орталық алаңында Балаларды қорғау күні қалай аталып өтті

Петропавлда жаздың алғашқы күні жарқын әрі ауқымды мерекемен басталды. Қаланың орталық алаңында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Мерекенің басты оқиғасы мыңдаған жас қатысушы мен көрерменнің басын қосқан «Қазақстан балалары» атты концерттік бағдарлама болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Таңертеңнен бастап алаңды әуезді музыка, балалар күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күй кернеді. Концерттік бағдарламамен қатар бүлдіршіндер үшін ондаған интерактивті алаң ұйымдастырылды. Қала мектептері, колледждері мен кітапханалары шығармашылық шеберлік сағаттарын, танымдық ойындарды, байқауларды, көрмелерді, викториналар мен спорттық ойын-сауықтарды ұсынды. Әр бала өз қызығушылығына сай іс тауып, шығармашылық қабілетін сынап көруге, зияткерлік ойындарға қатысуға немесе достары мен отбасымен көңілді уақыт өткізуге мүмкіндік алды.
Мерекенің салтанатты ашылуы күннің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Сахнада және алаңда бір мезетте 500-ге жуық жас домбырашы қазақтың күйлерін орындады. Ауқымды музыкалық прологқа қаланың музыка мектептерінің тәрбиеленушілері қатысты.

Сонымен қатар көршілес алаңдарда түрлі балалар ұйымдары мен бірлестіктерінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті. «Жас сақшы», жас жол инспекторлары қозғалысы, «Жасыл клубтар», «Адал ұрпақ» ұйымдарының мүшелері, сондай-ақ таэквондо және кекушинкай каратэ федерацияларының жас спортшылары өз шеберліктерін паш етті. Көрсетілімдер жиналған жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Алуа» халықтық би ансамблінің жетекшісі Жанна Темірбаеваның айтуынша, мерекеге дайындық бір ай бойы жүргізілген.
«Осы шуақты күні балаларымызды тамаша мерекемен құттықтағым келеді. Бүгінгі концертке қаланың барлық балалар шығармашылық ұжымдары қатысып отыр. Бағдарлама төрт сағатқа жоспарланған. Сахнада облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетуде. Дайындық өте жауапты болды, бірақ балалар мен ата-аналар үлкен жауапкершілік танытты. Біз – педагогтер, ата-аналар және балалар біртұтас командамыз», – деді ол.
Жанна Темірбаеваның сөзінше, мерекелік концерт барысында сахнаға үш жастағы тәрбиеленушілерден бастап, шығармашылық ұжымдардың түлектеріне дейін түрлі жастағы қатысушылар шықты. Жалпы бағдарламаға екі-үш мыңға жуық адам тартылды.

Концерттің сәнін қаладағы хореографиялық ұжымдар келтірді. Қатысушылардың ең ірілерінің бірі Марина Сухарева жетекшілік ететін Заманауи хореография шеберханасы болды.
«Біз жыл сайын Балаларды қорғау күніне арналған концертке қатысамыз. Биыл сахнаға алты жастан он төрт жасқа дейінгі жүзден астам тәрбиеленушіміз шықты. Көрермендерге бұрыннан сүйікті болған билерімізбен қатар жаңа қойылымдарды да ұсындық. Мерекеге арнайы жарқын флешмоб әзірледік», – деді ұжым жетекшісі.
Бірнеше сағат бойы көрермендер облыс орталығының үздік балалар ұжымдарының вокалдық және би нөмірлерін, көз тартарлық костюмдерін және шығармашылық өнерлерін тамашалады. Мереке жас петропавлдықтардың мол шығармашылық әлеуетін көрсеткен нағыз таланттар марафонына айналды.
