Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күні Петропавлдың Орталық алаңында кең көлемде аталып өтті

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күні Петропавлдың Орталық алаңында кең көлемде аталып өтті

June 4, 2026 15:46

4 маусым күні елімізде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай ауқымды салтанатты шара Петропавл қаласының Орталық алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Мерекелік күн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімімен басталды. Салтанатты жиынға қала мен облыс әкімдіктерінің өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ өңірдің қоғам белсенділері қатысты.

Солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекеттік рәміздердің еліміздің әрбір азаматы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өз сөзінде өңір басшысы елдегі саяси реформалардан кейін, әсіресе Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаннан соң мемлекеттік рәміздердің мәртебесі одан әрі нығая түскеніне тоқталды.

– Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздігіміздің, ұлттық мақтанышымыздың және халқымыздың бірлігінің қасиетті нышандары. Оларда Ұлы даланың сан ғасырлық тарихы, ата-бабаларымыздың рухани күші, еркіндік пен жасампаздыққа ұмтылысы, Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімі көрініс тапқан, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шараның маңызды сәттерінің бірі – Отан алдындағы еңбегімен ерекшеленген өңір тұрғындарын мемлекеттік наградалармен марапаттау болды. Төрт солтүстікқазақстандық «Құрмет» орденімен наградталды. Олардың қатарында облыс аудандарында еңбек етіп жүрген педагогтер де бар.

Жамбыл ауданындағы Кладбинка жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Назира Шүмекова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 34 жыл. Жоғары кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы үшін ұстаздың еңбегі жоғары мемлекеттік наградамен бағаланды.

– Бұл – өте жоғары марапат. Еңбегіме берілген жоғары баға үшін алғысымды білдіремін. Бұл тек менің ғана емес, өмір жолымда жанымнан табылған әріптестерім мен жақындарымның да марапаты. Бұл награда мені мемлекетіміздің игілігі жолында жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырады деп ойлаймын, – деді марапат иесі.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендерге патриоттық әндер орындалып, ұлттық билер көрсетілді. Елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты дәріптеген музыкалық қойылымдар мерекелік көңіл күй сыйлады.

Shares