СҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен полиция өкілдері цифрлық алаяқтардан қорғанудың жаңа тәсілдерін таныстырды

Қаржылық қауіпсіздік пен интернет-алаяқтық схемаларынан қорғану жолдары туралы Qyzyljar Creative Center-де өткен форумда айтылды. Іс-шараға білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері қатысты. Спикерлер ретінде Солтүстік Қазақстан облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыстық полиция департаментінің мамандары сөз сөйледі, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Форум қатысушыларының басым бөлігі білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері болды. Себебі дәл осы мұғалімдер мен медицина қызметкерлері халыққа маңызды ақпарат таратып, қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын түсіндіреді.
Евгений Нагочевский Бірінші гимназияда 30 жылдан астам уақыттан бері ұстаздық етеді. Оның айтуынша, оқушыларға киберқауіпсіздік туралы ерте жастан бастап түсіндіру қажет, өйткені бұл оларды түрлі қауіп-қатерлерден қорғауға көмектеседі.

«Балаларды, әсіресе мектеп бітіруші түлектерді қорғау маңызды. Олар көбіне өз кәсібін бастауға, әсіресе интернет арқылы бизнес құруға тырысады. Алайда интернет-алаяқтардың тұзағына түсіп жатады. Біз көптеген сабақтарда осы мәселелерді көтереміз. Әсіресе жеке деректерді қорғауға ерекше назар аударамыз, оқушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз», – деді ұстаз.
Қазіргі кезде кең таралып келе жатқан кибералаяқтық тәсілдерінің бірі – фишинг. Жағдайды жасанды интеллект мүмкіндіктерінің кең қолданылуы одан әрі күрделендіруде. Солтүстік Қазақстан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бөлімінің басшысы Жаслан Жималеевтің айтуынша, нейрожелілер арқылы жасалған жалған ақпараттарды көптеген азаматтар шынайы деп қабылдайды.
«Фишинг дегеніміз – адамға сілтеме жіберіліп, ол банктің қосымшасына өте ұқсас жалған қосымшаға өтеді. Азамат өз деректерін, есепшот нөмірін, кодтарын енгізеді. Нәтижесінде алаяқтарға қолжетімділік беріп қояды. Сонымен қатар қазір дипфейк технологиялары қарқынды дамып жатыр. Жасанды интеллект арқылы әлеуметтік желілердегі туыстарыңыздың немесе таныстарыңыздың суреттері мен бейнелерін пайдаланып, олардың атынан көмек сұрайды», – деді спикер.
Жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 247 фактісі тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 600 миллион теңгеден асты. Бұл туралы Милена Балацкая мәлімдеді.
Интернет-алаяқтардың құрбанына көбіне егде жастағы адамдар айналады. Қылмыскерлер аға буын өкілдерінің сенгіштігін пайдаланып, оларды алдап соғады. Көп жағдайда қарт адамдар дропперлердің әрекеттерінен зардап шегеді. Биыл дропперлікке қатысты 176 дерек тіркелген.

«Біз зейнеткерлермен мекенжайлық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қала бойынша шамамен 50 мың зейнеткер тіркелген. Оларға интернет-алаяқтықтың кең таралған схемаларын түсіндіріп, сақ болуға және қаскөйлердің құрбанына айналмауға шақырдық», – деді маман.
Полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Биыл өңір бойынша мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Облыстың барлық аумағында ескерту тақтайшалары орнатылып, тәртіп сақшылары тұрғындармен жеке кездесулер өткізіп, киберқауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіруде.
