Солтүстік Қазақстан облысында отандық медициналық техника өндірісінің қуаты кеңейтілуде

Солтүстік Қазақстан облысында заманауи медициналық жабдықтар өндірісі қарқынды дамып келеді. Өңірде шығарылатын өнімдер еліміздің денсаулық сақтау мекемелерінде ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
2014 жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатқан және өндірісін 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысына орналастырған “КазахМедИмпорт” компаниясының Петропавлдағы зауыты бүгінде 200-ден астам мамандандырылған өнім түрін шығарады.
Кәсіпорынның жұмысымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Зауытқа сапар барысында өңір басшысына конструкторлық бөлімнен бастап материалдар қоймасы, металды лазерлік өңдеу және дайын өнімді құрастыру учаскелеріне дейінгі негізгі өндірістік алаңдар көрсетілді. Кәсіпорын өндірістік циклдің басым бөлігін өз күшімен жүзеге асырады: мамандар жобаларды әзірлеп, қажетті бөлшектерді дайындайды және дайын өнімді құрастырады.

Компанияның бас директорының бірінші орынбасары Станислав Таратут кәсіпорын өнімдерінің түрлері тұрақты түрде кеңейіп жатқанын атап өтті.
«Біздің өнім номенклатурамыз 200-ден астам атаудан тұрады. Медициналық жабдықтармен қатар емдеу мекемелерінде тамақтануды ұйымдастыруға арналған бұйымдар шығарамыз. Биыл жаңа бағытты игердік – патологиялық-анатомиялық бөлімшелерге арналған жабдықтар өндірісін қолға алдық. Оның ішінде секциялық үстелдер мен кесу станциялары бар. Компаниямыз өз өнімдерін халықаралық көрмелерде тұрақты түрде таныстырып келеді», – деді ол.
Кәсіпорында заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Өндірілетін жабдықтарға электрондық басқару жүйелері, автоматтандыру элементтері, өзін-өзі диагностикалау функциялары және стерильдік талаптарының сақталуын бақылау тетіктері енгізілген.
Өндірілетін өнімдердің қатарында ламинарлық бокстар, стерильді эндоскоптарды кептіруге және сақтауға арналған шкафтар, қақырық жинау кабиналары, тартпа шкафтар және басқа да арнайы қондырғылар бар.

«Мұның барлығы – өзіміздің әзірлемеміз әрі өндірісіміз. Барлық өнімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат құжаттарымен қамтамасыз етілген», – деп атап өтті Станислав Таратут.
Өндіріс барысымен танысу кезінде Ғауез Нұрмұхамбетов өнім түрлерін одан әрі кеңейту мүмкіндіктеріне де назар аударды. Атап айтқанда, ауа камералары арқылы қысымды автоматты түрде өзгертіп отыратын және төсекке таңылған науқастарды күтіп-баптауды жеңілдететін ойылуға қарсы матрастар өндірісін дамыту мәселесі талқыланды.
Бүгінде кәсіпорында 98 адам еңбек етеді. Компания медициналық, зертханалық және өнеркәсіптік жабдықтарды шығарумен қатар, жобаларды кешенді сүйемелдеуді жүзеге асырып, өнім сапасын барлық кезеңде бақылап отырады. Алдағы уақытта кәсіпорын өндірісті одан әрі дамытып, жаңа өнім түрлерін игеріп, өндірістік қуатын арттыруды жоспарлап отыр.
