СҚО-ның құрметті журналисі Өмір Есқали «Құрмет» орденімен марапатталды

28 маусымда Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында елордада салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, еліміздің үздік журналистеріне жоғары мемлекеттік наградалар табысталды. Солардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті журналисі, «Soltustik Qazaqstan» газетінің қоғамдық-саяси бөлімінің жетекшісі Өмір Есқали да бар. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан «Құрмет» орденін алды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Президент журналистика саласында әрдайым ел мүддесін бәрінен биік қоятын отаншыл әрі білікті тұлғалар еңбек еткенін атап өтті.
– Бұл кәсіби мерекенің ел өміріндегі маңызы ерекше. Журналистердің басты міндеті – қоғамды ақпараттандыру, халықтың мұң-мұқтажы мен арман-тілегін жеткізу. Сіздер елді толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Жаһандық технологиялар дамыған заманда бұқаралық ақпарат құралдарына тұрғындарды жедел, сапалы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Мемлекет сіздердің ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Бүгін Президент ретінде барлық медиа саласы өкілдеріне алғысымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік реформаларды жүзеге асырудағы, соның ішінде елдің жаңа Ата Заңын қабылдау кезеңіндегі рөліне де тоқталды.
– Қазақстандық журналистер өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең түсініп, кәсіби міндеттерін абыроймен атқаруда. Наурыз айында біз конституциялық реформаны табысты өткіздік. Жалпыұлттық референдумда азаматтар мемлекет болашағын айқындаған тарихи таңдау жасады. Нәтижесінде елдің басты құжаты – жаңа Конституция қабылданды. Осы мақсат жолында халықтың бірігуіне бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері елеулі үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда Астанада 200 БАҚ қызметкері баспаналы болған. Биыл алғаш рет Президент тапсырмасымен өңірлерде еңбек ететін журналистерге де пәтер кілттері табысталмақ.
– Ақпарат кеңістігінде тынымсыз еңбек етіп жүрген өңірлік тілшілердің жұмысы ерекше назар аударуды қажет етеді деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмам бойынша биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілттері беріледі. Жалпы, осы жылы республика бойынша 66 ақпарат саласының қызметкері баспаналы болады. Баршаңызды құттықтаймын, – деді Президент.
Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше мақтаныш – жерлесіміз, белгілі журналист Өмір Есқалидың еңбегінің жоғары бағалануы болды. Мемлекет басшысы оған «Құрмет» орденін табыстады.
Өмір Есқали бұқаралық ақпарат құралдары саласында 50 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол «Soltustik Qazaqstan» газетінің қоғамдық-саяси бөлімін басқарады.
Өмір Есқали өңірлік журналистиканың ғана емес, отандық журналистиканың дамуына да зор үлес қосты. Ол өз ісіне адалдықтың және Отанға қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. 2016 жылы журналист «Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі» төсбелгісімен де марапатталған.
