Тайыншада батыр полицей Газиз Байтасовтың бейнесі көпқабатты үйдің қабырғасына салынды

Тайынша қаласында қазақстандық полицейлердің ерлігі мен жанқиярлығын еске салатын жаңа көрнекті нысан пайда болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Чапаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовқа арналған мурал салынды. Бұл бастама аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің ұсынысымен жүзеге асырылды.
Муралдың салтанатты ашылуы 23 маусым күні Қазақстан полициясы күніне орай өтті. Енді дәл осы жерде құқық қорғау органдарының қызметкерлері еске алу және салтанатты іс-шараларын өткізетін болады.
Ғазиз Байтасов Қазақстан тарихында өзінің өшпес ерлігімен қалды. 2011 жылы Тараз қаласында қарулы қылмыскерді ұстау кезінде ол гранатаны өз денесімен жауып, айналасындағы адамдардың өмірін сақтап қалды. Оның бұл ерлігі – Отанға адал қызмет етудің, Антқа беріктіктің және қызметтік борышқа деген шексіз жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Аудандық полиция бөлімінде атап өткендей, мурал салу идеясы кездейсоқ туған жоқ. Тайынша қаласында тарихи оқиғалар мен қоғамдық құндылықтарға арналған қабырға суреттері бұрыннан бар. Енді олардың қатарынан батыр полицейдің бейнесі де лайықты орын алды.
«Газиз Байтасовтың ерлігі – халыққа және еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Біз оның есімі тек кітаптар мен архив құжаттарында ғана емес, қала кеңістігінің бір бөлшегіне айналып, күн сайын адамдарға ерліктің қандай бағамен келетінін еске салып тұрғанын қаладық», – деді аудандық полиция бөлімінің өкілдері.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа мурал аудан орталығының көркін арттырып қана қоймай, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қызмет ететін маңызды орынға айналады.
«Енді Тайынша тұрғындарының әрқайсысы батырдың бейнесін көріп, оның ерлігі туралы біле алады. Ал полиция қызметкерлері үшін бұл орын мамандыққа адалдықтың және өзгені қорғау жолында жанын қиған әріптестерді мәңгі есте сақтаудың символына айналады», – деді ұйымдастырушылар.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, муралдың салынуы – ерлігі бүгінгі құқық қорғаушылардың жаңа буынына үлгі болып отырған қаһармандардың есімін ұлықтау жолындағы тағы бір маңызды қадам.
