«Bereke Fest» акциясы аясында Петропавлдың сауда желілерінде ауқымды жеңілдіктер науқаны басталады

Облыс орталығында тұрғындар мен отандық бизнесті қолдауға бағытталған ірі әлеуметтік бастама қолға алынуда. 2026 жылғы 1–7 шілде аралығында Петропавл қаласының негізгі сауда нысандарында республикалық Bereke Fest акциясы өтеді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ауқымды шара 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай ұйымдастырылып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Bereke Fest акциясының басты мақсаты – халықты қолдау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыру, инфляциялық үдерістерді тежеу және қазақстандық өндірушілердің өнімдерін насихаттау.
Акция аясында қаланың ірі сауда орындарында сатып алушылар үшін арнайы шарттар, әлеуметтік бағалар мен тиімді жеңілдіктер ұсынылады. Жобаға Петропавлдағы танымал сауда желілері мен ірі сауда орталықтары қатысады:
«Семейный» супермаркеттер желісі;
«Аймер» супермаркеттер желісі;
«Северный» супермаркеттер желісі;
«City Mall» сауда-ойын-сауық орталығы;
«Рахмет» сауда орталығы.
Қала тұрғындары мен қонақтарына азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың кең ассортименті төмендетілген бағамен ұсынылады. Сатып алушылардың сауда залдарында жеңіл бағдарлануы және акцияға қатысатын өнімдерді оңай табуы үшін барлық жеңілдікпен сатылатын тауарлар арнайы «Bereke Fest» логотипімен белгіленеді.
Осындай ауқымды науқанның өткізілуі петропавлдықтардың күнделікті қажетті тауарларды сатып алу кезінде отбасылық бюджетін едәуір үнемдеуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, ішкі сауданың дамуына және отандық тауар өндірушілерді қолдауға да елеулі үлес қоспақ.
Ұйымдастырушылар Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтарын жобаға қатысатын сауда орындарына келіп, шілде айының алғашқы аптасында ұсынылатын ерекше баға жеңілдіктерін тиімді пайдалануға шақырады.
