СҚО-да «Жигули» көлігін тізгіндеген жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші жазаланды

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер республикалық маңызы бар «Астана – Петропавл» тасжолында қауіпті маневр жасаған жүргізушінің жолын кесті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан және көлік қозғалысы бір жолақпен кезекпен ұйымдастырылған учаскеде болған. Көлік ағыны тығыз болғанына қарамастан, 35 жастағы «ВАЗ-2107» жүргізушісі басып озу үшін бірнеше рет қарсы жолаққа шығып, қарсы бағыттағы көлікпен бетпе-бет соқтығысу қаупін тудырған.
«Ережені бұзу облыстың шалғай ауданынан іссапардан қайтып келе жатқан полиция департаменті аппаратының қызметкерлері тарапынан тіркелді. Бұл туралы СҚО ПД анықтау басқармасының полиция подполковнигі Раушан Бакеева мәлімдеді. Оның айтуынша, бейнежазба туралы ақпарат дереу аталған учаскеге қызмет көрсететін патрульдік полиция батальонының экипажына берілген. Құқық қорғау органдары жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Апаттық жағдай туғызғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда көлік құралын басқару құқығынан 6 ай мерзімге айыру жазасы көзделген», – делінген СҚО ПД хабарламасында.
Айта кетейік, жыл басынан бері СҚО жолдарында 287 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 25 адам қаза тапқан. Полиция қызметкерлері «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
