Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстарын тексерді

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстарын тексерді

August 19, 2026 16:00

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын тексерді. Өңір басшысы жылу желілерін реконструкциялау, қаланы алдағы жылыту маусымына дайындау барысын бақылап, сондай-ақ Қазақстан Конституциясы көшесін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстарды бағалады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Аралау барысында негізгі бағыттардың бірі – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру болды. СҚО-да жалпы құны 154,8 млрд теңге болатын 36 жоба жүзеге асырылуда. Жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 13,8 млрд теңге болатын жеті жоба қарастырылған. Сонымен қатар Петропавлдағы кәріздік тазарту құрылыстарын реконструкциялау бойынша ірі жобаға ерекше назар аударылды. Оның алдын ала құны 65,8 млрд теңгені құрайды.

Сүтюшева көшесіндегі №8 жылу магистралінде өңір басшысы жұмыстардың барысымен және алдағы жылыту маусымына дайындықпен танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов тапсырыс беруші, мердігер ұйым және қадағалау өкілдерінің есебін тыңдап, қазіргі мәселелерді талқылады. Сондай-ақ жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындау қажеттігін атап өтті.

Аралау бағдарламасының тағы бір бөлігі Қазақстан Конституциясы көшесін жаңартуға арналды.

Облыс әкімі реконструкция жұмыстарының барысын жеке бақылап, іргелес аумақтарды абаттандыруды бағалады және тұрғын үйлердің жаңа заманауи материалдармен қалай қапталып жатқанымен танысты.

Сол жерде Ғауез Нұрмұхамбетов мердігерлермен тіллесіп, олардың ұсыныстары мен ескертулерін тыңдап, жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Көшені жаңарту кешенді түрде жүргізілуі керек екеніне ерекше назар аударылды. Яғни жол инфрақұрылымын ғана емес, ғимараттардың қасбеттерін, іргелес аумақтарды және абаттандыру элементтерін де ретке келтіру қажет. Жекелеген мәселелер бойынша өңір басшысы жауапты мамандар мен орындаушыларға ұсыныстар берді.

Коммуналдық нысандарды бақылау Мәскеу және Малая көшелері маңындағы №3, сондай-ақ Жамбыл және Чкалов көшелерінің қиылысындағы №2 жылу магистральдарында жалғасты. Тапсырыс беруші мен мердігер ұйымдардың өкілдері қайта жаңғырту жұмыстарының барысы және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Сонымен қатар облыс әкімі Строительная көшесіндегі №1 сорғы станциясы мен диспетчерлік пункттің жұмысымен танысты. «Петропавл жылу желілері» ЖШС басшылығы жүргізіліп жатқан жұмыстар мен нысандардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді.

Аралау бағдарламасына Қизатов көшесінде Мұз сарайы мен әмбебап спорт аренасын салуға дайындық жұмыстарымен танысу да енгізілді. Жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдардың өкілдері жобаларды дайындау барысы туралы баяндады.

Аралау қорытындысы бойынша өңір басшысы жұмыстарды одан әрі орындауға жауапты тұлғаларды белгілеп, мерзімдерді сақтау, құрылыс сапасын қамтамасыз ету және қала аумағын абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма мен ұсыныс берді.

Shares